23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялайды. Осы күн қарсаңында сарапшылар бас банк мөлшерлемені бұрынғы деңгейде сақтай ма, әлде қайтадан төмендете ме деген мәселені талқылап жатыр.
Бұдан кем емес маңызды тағы бір сұрақ бар: қандай базалық мөлшерлеме Қазақстан экономикасының барлық қатысушылары – инвесторлар, бизнес, экспорттаушылар мен халық үшін ақылға қонымды ымыралы шешім бола алады? Осы және өзге де маңызды сұрақтар бойынша QazExpertClub сарапшысы Венера Жаналинаның пікірін «24KZ» тілшісі біліп көрді.
2026 жылғы 22 қазандағы жағдай бойынша Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 16,25%-ды құрайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қыркүйекте жылдық инфляция тамыздағы 9,8%-дан 9,3%-ға дейін баяулады. Базалық мөлшерлеме мен нақты инфляция арасындағы айырмашылық 6,95 пайыздық тармақты құрайды. Алайда бұл көрсеткіш ақша-несие саясатының қаншалықты қатаң екенін толық көрсетпейді. Өйткені оны бағалау үшін нақты инфляциямен қатар күтілетін инфляцияны да ескеру қажет.
Мұндай мөлшерлеме инвесторлар мен бизнес үшін нені білдіреді?
Қазақстан қор биржасының мәліметінше, 20 қазанда KASE корпоративтік облигацияларының кірістілік индикаторы 16,10%-ды, ал халықаралық рейтингі BBB− деңгейінен төмен емес теңгелік корпоративтік облигациялардың кірістілік индикаторы 15,50%-ды құрады.
Мысалы, инфляция 9% болған жағдайда инвестор жылына 15% кіріс алады делік. Онда оның нақты кірістілігі салықтар мен шығыстарды есептемегенде шамамен 5,5%-ды құрайды.
Алайда кірістілікті тәуекелдерді ескере отырып бағалау қажет. Облигациялар үшін бұл, ең алдымен, эмитенттің кредиттік тәуекелі, өтімділік және нарықтық құнның өзгеруі. Шетелдік инвесторлар валюта бағамының өзгеру тәуекелін де ескереді: теңге әлсіреген жағдайда пайыздық кірістің едәуір бөлігі доллармен қайта есептегенде жоғалуы мүмкін.
Осылайша, теңгелік қаржы құралдарының тартымдылығы тек пайыздық мөлшерлемелердің деңгейіне ғана емес, инфляцияға, кредиттік және валюталық тәуекелдерге де байланысты.
Сондықтан инфляция тұрақты түрде баяулаған жағдайда базалық мөлшерлеменің біртіндеп төмендеуі инвесторлардың теңгелік активтерге қызығушылығын азайтпайды. Негізгі шарт – қабылданатын тәуекелдерді ескере отырып, нақты кірістіліктің оң деңгейде сақталуы. Ал кәсіпорындар үшін жағдай басқаша. Қарыз қаражатының қымбат болуы жабдықтарды жаңғырту, өндірісті кеңейту және айналым капиталын қаржыландыру мүмкіндіктерін шектейді.
Бұдан бөлек, қаржы құралдарының жоғары кірістілігі нақты инвестициялық жобаларға қаражат салудың баламалы құнын арттырады.
Осы жерде қайшылық туындайды борыштық қаржы құралдарына салынатын жаңа инвестициялардың жоғары кірістілігін қамтамасыз ететін жағдайлар бір мезгілде өндіріске инвестиция салудың тартымдылығын төмендетуі мүмкін.
Жоғары мөлшерлеме экспорттаушыларға қалай әсер етеді?
Жоғары базалық мөлшерлеме теңгелік активтердің тартымдылығын арттырады және басқа жағдайлар өзгермегенде ұлттық валютаның нығаюына ықпал етуі мүмкін. Ал табысын доллармен алатын экспорттаушылар үшін бұл тиімді емес.
Мысалы, компания 1 млн доллардың өнімін экспорттайды делік. Доллар бағамы 450 теңге болғанда оның түсімі 450 млн теңгені, ал бағам 480 теңгеге жеткенде 480 млн теңгені құрайды. Экспорт көлемі бірдей болғанымен, айырмашылық – 30 млн теңге.
Егер кәсіпорын импорттық жабдық сатып алса, шетелдік құрамдас бөлшектерді пайдаланса немесе валюталық кредиттерін өтесе, теңгенің әлсіреуі оның шығындарын да арттырады.
Сондықтан валюта бағамының өзгеруінен түсетін пайда компанияның кірістері мен шығындарының валюталық құрылымына байланысты.
Әсіресе шикізаттық емес өнім экспорттаушылардың жағдайын ескеру маңызды. Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындар үшін қаржыландыру құны, еңбек өнімділігі және өнімнің өзіндік құнындағы импорттық құрамдас бөліктің үлесі доллардың номиналды бағамынан кем емес маңызға ие болуы мүмкін.
Сонымен қатар теңге бағамы тек базалық мөлшерлемеге байланысты қалыптаспайды. Оған мұнайдың әлемдік бағасы, экспорттаушылардың валюталық түсімі, Ұлттық қор мен БЖЗҚ операциялары, бюджет саясаты, сыртқы пайыздық мөлшерлемелер және әлемдік нарықтардағы жағдай әсер етеді.
Сондықтан базалық мөлшерлеменің төмендеуі теңгенің міндетті түрде әлсірейтінін білдірмейді. Экспорттаушылар үшін қысқа мерзімді валюталық ауытқулардан гөрі болжамды әрі бәсекеге қабілетті нақты айырбас бағамы маңыздырақ.
Базалық мөлшерлеменің қандай деңгейін ымыралы шешім деп санауға болады?
Орта мерзімді перспективада жылдық 14–15% аралығы осындай аралық бағдар бола алады. Бірақ ол үшін инфляция одан әрі төмендеуі тиіс.
Егер инфляциялық күтулер 7–8%-ға дейін төмендесе, 14–15% мөлшерлеме олардан шамамен6–8 пайыздық тармаққа жоғары болады. Бұл нақты пайыздық мөлшерлемені жеткілікті жоғары деңгейде сақтауға және теңгелік инвестициялардың тартымдылығын қолдауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге базалық мөлшерлеменің біртіндеп төмендеуі кәсіпорындар үшін қаржыландыру құнын азайтуы мүмкін. Алайда банктік несиелер дәл сондай деңгейде арзандайды деген сөз емес.
Экспорттаушылар үшін мөлшерлеменің төмендеуі теңгенің нығаюына ықпал ететін факторлардың бірін әлсіретуі мүмкін, бірақ бұл өздігінен валюта бағамының өзгеруіне кепілдік бермейді.
Осылайша, инвесторлар, бизнес пен экспорттаушылардың мүдделері міндетті түрде бір-біріне қайшы келмейді. Инфляция төмендеген жағдайда теңгелік қаржы құралдарының тартымдылығын сақтай отырып, пайыздық мөлшерлемелерді біртіндеп азайтуға мүмкіндік пайда болады.
Алайда инфляцияның қазіргі деңгейінде 14–15% мөлшерлемеге көшу әлі ерте деп ойлаймын. Жақын перспективада мөлшерлемені 16% шамасында сақтау негізді көрінеді. Ал болашақта оны біртіндеп төмендетуге болады.
Ұлттық банктің қазан айындағы макроэкономикалық сауалнамасына сәйкес, тәуелсіз сарапшылар 2027 жылдың соңына қарай базалық мөлшерлеме 13,3%-ға, ал 2028 жылдың соңына қарай 11,5%-ға дейін төмендейді деп күтеді.
Инфляция тұрақты түрде шамамен 5–6%-ға дейін төмендеген жағдайда бұдан да төмен, яғни 11–13% деңгейіндегі мөлшерлемелер үшін жағдай қалыптасуы мүмкін.
Алайда көп нәрсе тек Ұлттық банкке ғана емес, бюджет саясатына да байланысты. Егер мемлекет шығыстарды ұлғайтып, сұранысты өндіріс өсімінен жылдамырақ ынталандырса, инфляция жоғары деңгейде сақталуы мүмкін.
Мұндай жағдайда Ұлттық банк жоғары базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт сақтауға мәжбүр болады. Сондықтан бюджет тәртібі мен болжамды тариф саясаты – қаржыландыру құнын төмендетудің маңызды шарттары.
Қазақстанға инвесторлардың жоғары кірістілігі үшін барынша жоғары базалық мөлшерлеме де, экспорттаушылардың мүддесі үшін жасанды түрде әлсіретілген теңге де қажет емес.
Ең бастысы – инфляцияны тежеу, теңгелік активтердің тартымдылығын сақтау және бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімділігі арасындағы тепе-теңдікті табу.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #экономика #Ұлттық банкPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz