Қазақстандық ғалымдар құрғақшылық пен өсімдік ауруларына төзімді 30-дан астам жаңа дақыл сортын таныстырды. Олардың қатарында биыл солтүстік өңірлерде 20 мың гектардан астам жерге егілген «Тайма» сорты да бар. Бұл туралы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Бауыржан Асанов 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, орталықтың 30 еншілес ұйымының 10-ы «Қазагрофарм-2026» көрмесінде дәнді, майлы және мал азықтық дақылдардың жаңа тұқымдарын ұсынған. Олардың басым бөлігі құрғақшылыққа және түрлі ауруларға төзімділігімен ерекшеленеді. Жаңа сорттарға шаруа қожалықтары мен ірі агрокәсіпорындар қызығушылық танытып отыр.
Біздің орталықтың 30 еншілес ұйымының 10-ы көрмеде дәнді, майлы және мал азықтық дақылдардың 30-дан астам жаңа сортын ұсынып отыр. Олар құрғақшылыққа және ауруларға төзімді. Қазір бұл тұқымдарға шаруа қожалықтары мен ірі агрофермалар қызығушылық танытып жатыр, - деді ол.
Жаңа сорттардың арасында Шортанды 2021 тұқымы да бар. Орталық басшысының сөзінше, ол биылғы құрғақшылық жағдайында төзімділігін көрсетіп, жақсы өнім берген.
Ал Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары шығарған «Тайма» сорты биыл солтүстік өңірлерде 20 мың гектардан астам алқапқа егілген. Оның өнімділігі гектарына 40 центнерге дейін жеткен.
Биылғы жылы отандық «Шортанды 2021» тұқымы құрғақшылыққа төзімді екенін көрсетіп, жоғары өнім берді. Сонымен қатар «Тайма» сорты солтүстік өңірлерде 20 мың гектардан астам жерге егілді. Оның өнімділігі гектарына 40 центнерге дейін жетіп отыр. Сондықтан құрғақшылыққа және ауруларға төзімді жаңа сорттарға қызығушылық жоғары, - деп атап өтті Бауыржан Асанов.
Бұдан бөлек, ғалымдар биыл 115 дақыл сорты мен түрін, оның ішінде майлы және мал азықтық дақылдарды да, сорт сынау станцияларына жіберген. Олардың нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады. Сынақтан сәтті өткен сорттарды фермерлердің шаруашылығында кеңінен қолдану жоспарланып отыр.
Аграрлық саладағы тағы бір маңызды бағыт – су үнемдеу технологиялары. Көрмеде тамшылатып және жаңбырлатып суарудың жаңа жүйелері таныстырылды. Оларды Қазақстанда да, шетелде де жұмыс істейтін компаниялар әзірлеп, өндіріске енгізіп жатыр.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #құрғақшылық #дәнді дақылдарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz