RU
Толық нұсқаға өту

Жол саласында нормативтер қайта қаралып, ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтіледі

27.10.2026, 11:51 37

Қазақстанда жол сапасын арттыру үшін салаға қатысты нормативтер қайта қаралады. Ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтіліп, жол құрылысына қажетті материалдарды жеткізу рәсімдері жеңілдетілмек. Бұл туралы «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Дархан Иманашев «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты. 

Оның сөзінше, арнайы құрылған жұмыс тобы саланың негізгі мәселелерін зерделеп, қысқа және ұзақ мерзімді өзгерістер жоспарын әзірлеп жатыр.

Жол саласында арнайы топ құрылды. Топ мүшелері отыздан астам. Қазір нормативтік құжаттамаларды әзірлеу, битум, тас, ауыр жүк көліктері және техникалық қадағалау мәселелерін қарастырып жатырмыз. Жұмыс нәтижесінде арнайы жол картасы әзірленеді, -деді Дархан Иманашев

Мамандар ең алдымен жол жобалау кезінде қолданылатын нормативтерді жаңартуды көздеп отыр. Себебі қолданыстағы есептеулер көлік қозғалысының қазіргі қарқынына толық сәйкес келмейді. Бұрын жолдағы көлік саны жылына 4,5 пайызға артады деп болжанса, соңғы үш жылда қозғалыс қарқыны 18–25 пайызға дейін өскен. Соның салдарынан жолға түсетін жүктеме артып, жабынның мерзімінен бұрын тозу қаупі күшейген.

Егер жолмен тәулігіне мың көлік өтеді деп есептелсе, соған сәйкес асфальт пен жолдың өткізу мүмкіндігі жобаланады. Ал іс жүзінде үш, төрт, тіпті бес мың көлік жүретін жағдайлар бар. Сол себепті жол тезірек тозады. Енді нормативтерді өзгерткенде көлік санының өсуін, елді мекендердің даму жоспарын және басқа да факторларды ескереміз, -деп атап өтті спикер.

Жолдың бұзылуына шамадан тыс жүк артқан көліктер де әсер етеді. Осыған байланысты жұмыс тобы тасымалдаушылармен қатар, жүкті тиеген кәсіпорындардың да жауапкершілігін күшейтуді ұсынып отыр. Бұдан бөлек, салмағы 25 тоннадан асатын жүк көліктерінің мемлекеттік нөмірлерін басқа түспен белгілеу бастамасы қарастырылуда. Бұл бақылауды жеңілдетіп, салмақтық талаптарды бұзған көліктерді анықтауға мүмкіндік бермек.

Тасымалдаушыны ғана емес, жүкті тиеген нысанды да жауапкершілікке тарту ұсынылып отыр. Егер карьер артық салмақпен жүк артпаса, оны тасымалдау да болмайды. Сондықтан екі тараптың да жауапкершілігін қарастырып жатырмыз,- деді Дархан Иманашев.

Жол құрылысының құнын оңтайландыру үшін карьерлерді ашу рәсімдерін қысқарту мәселесі де көтерілген. Компания мәліметінше, құрылыс материалдарын тасымалдауға кететін логистикалық шығын кей жағдайда жалпы шығынның 20–30 пайызына дейін жетеді. Сондықтан шикізат көздеріне қолжетімділікті жеңілдету арқылы шығынды азайтып, үнемделген қаражатты жол жабынының сапасын жақсартуға бағыттау жоспарланып отыр.

Компания басшысының айтуынша, реформаның алғашқы өзгерістерін алдағы құрылыс маусымында енгізу жоспарланған. Ал жыл соңына дейін Қызылорда–Жезқазған автожолының Ұлытау облысындағы бөлігіндегі жұмыстарды аяқтау, Шығыс Қазақстандағы Пихтовка көпірінің құрылысын жалғастыру және орташа жөндеуден өткен тағы бірнеше нысанды пайдалануға беру көзделіп отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz