Қазақстанда мұнай өндірісі төмендегенімен, экономикалық өсім сақталды. «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ сыртқы байланыстар менеджері Айбар Олжай мұны экономиканы әртараптандырудың алғашқы белгілерімен байланыстырады. Ол бұл туралы «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Оның айтуынша, тоғыз айда өңдеу өнеркәсібі 8,6 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,2 пайызды құраған.
Биыл мұнай өндірісі бізде 8,3 пайызға құлады. Егер баяғы жағдайда қала беретін болсақ, онда біздің экономикамыз қысқаратын еді. Бірақ биыл экономикамыз қысқарған жоқ, өсуі мұнайға қарамайды. Сондықтан әртараптандырудың белгісі бар, - деді Айбар Олжай.
Сарапшының айтуынша, экспорттық әлеуетті арттыру үшін Қазақстан жаңа көлік-логистикалық бағыттарды дамытуға басымдық беріп отыр. Соның бірі — Солтүстік–Оңтүстік дәлізі. Бұл бағыт Оңтүстік Азия мен өзге де нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Биыл Иранның Бендер-Аббас портында қазақстандық терминал салу жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Негізгі міндет — жылына 20 миллион тонна жүк өткізу. Қазір біз 3,2 миллион тоннаны өткіземіз. Енді ол да үлкен көлем, бірақ 20 миллионға өсу керек, - деді Айбар Олжай.
Ауыл шаруашылығында да тиімділікке басымдық беріліп отыр. Енді егіс алқаптарын ұлғайта бермей, әр гектардан алынатын өнім көлемін арттыру көзделген. Ал шаруаларға бөлінетін қаражаттың уақытылы берілуі егіс науқанын кешіктірмеуге мүмкіндік береді.
Қазір біз, мысалы, егін алатын болсақ, соның жерін ұлғайту емес, әр гектардан шығатын астықтың көлемін тиімді пайдаланып, көбейту жұмыстарын жасап жатырмыз. Ол экологиямызға да, ертеңгі жалпы ауыл шаруашылығының тиімділігіне де өте жақсы әсер етеді, - деді Айбар Олжай.
Ал жасанды интеллектіні енгізу экономиканың өнімділігін арттыруға жол ашуы мүмкін. Сарапшы цифрландыру мен жасанды интеллектінің айырмашылығын түсіндіре отырып, жаңа технологияларды өндірістегі нақты міндеттерді шешуге бағыттау қажет екенін атап өтті.
Жасанды интеллект — үлкен массивті деректі алып қарап отырып, соған қатысты тиімділік бойынша шешім қабылдау. Цифрландыру бұрын шешім қабылдамайтын, ол тек қана тездетіп беретін, ал жасанды интеллектінің логикасы мүлде бөлек, - деді Айбар Олжай.
Маманның пікірінше, жасанды интеллект өндіріс барысын модельдеуге, ресурстарды тиімді бөлуге және ықтимал нәтижелерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттырып, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.
Тегтер #жасанды интеллект #экономика #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz