Қазақстанның 2027 жылғы бюджет шығыстары 30,2 трлн теңге болады деп жоспарланып отыр. Оның 10,5 трлн теңгесі немесе жалпы шығыстың 35%-ы халықты қолдауға бағытталады. Қаржы білім беру, денсаулық сақтау және азаматтардың әлеуметтік міндеттемелерін орындауға жұмсалады. Бұл туралы 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланған «Қаржы нарығы» бағдарламасында айтылды.
Бағдарламада келесі жылдың бюджет кірісі 25,4 трлн теңге болады деп болжанғаны хабарланды. Ал шығыс көлемі кірістен 5,6 трлн теңгеге артық. Бұл — бюджет тапшылығы. Жалпы ішкі өнімге шаққанда оның деңгейі 2,3% болады деп күтіледі. Сонымен қатар 2029 жылға қарай бюджет кірісін 23,4 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Басты мақсат — экономикалық өсімді ынталандыру, қаржы жүйесіндегі тәртіп пен мемлекеттің азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемені күмәнсіз орындау арасындағы балансты сақтау. Бұл бюджеттің басты назарында — адам және адамға бағдарланған инвестиция, - деді Қаржы министрі Мәди Такиев.
Бюджет жобасында білім беру мен ғылым саласына да басымдық берілген. Алдағы жылы 18 мың бала сауықтыру және оңалту шараларынан өтеді, 76 мың педагогтің біліктілігін арттыру жоспарланған. Бұған қоса, «Келешек мектептері» жобасы аясында 217 мектептің білім беру әдістемесін жаңарту көзделген. Студенттер, магистранттар мен докторанттарға арналған жатақханаларда 25 мыңға жуық орын ашу жоспарланып отыр.
Өңірлерді дамытуға жыл сайын 7,4 трлн теңге бағыттау қарастырылған. Қаржы жол, ауызсу, мектеп пен аурухана сияқты маңызды инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге жұмсалмақ. Бағдарламада өңірлерге бөлінетін трансферттерді 12 базалық бағытқа негізделген өңірлік стандарттар жүйесімен байланыстыру жоспарланғаны айтылды.
Экономиканың нақты секторына 2027 жылы 3,7 трлн теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл — 2026 жылғы жоспардан 600 млрд теңгеге көп. Қаржы көлік инфрақұрылымын, агроөнеркәсіптік кешенді, өнеркәсіп пен құрылысты, кәсіпкерлік және цифрлық дамуды қолдауға бағытталады.
2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қазір Парламенттің жұмыс топтары мен комитеттерінде талқыланып жатыр. Құжаттың түпкілікті нұсқасы қабылданғаннан кейін мемлекеттік шығыстардың нақты көлемі мен басым бағыттары айқындалады.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #бюджет #қаржыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz