Президент Жолдауында экономиканы дамыту, әлеуметтік саясатты жетілдіру және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мәселелері көтерілді. Бұл туралы «24KZ» арнасында саясаттанушы Жанерке Қайратқызы айтты.
Саясаттанушының пікірінше, Жолдаудың негізгі ерекшелігі — бұрын белгіленген стратегиялық бағыттардың сабақтастығы және цифрландыру мен жасанды интеллектіге басымдық берілуі.
Біз осы уақытқа дейін айқындаған, «Әділетті Қазақстан құрамыз» деген ең басты стратегияны әрі қарай тереңдетіп, сол мақсатқа жетуді жеңілдететін, оңтайландыратын және соған қажетті барлық тұстарын мемлекеттік саясатта пысықтап жатырмыз деуге болады, - деді саясаттанушы Жанерке Қайратқызы
Сарапшының айтуынша, жасанды интеллект мемлекеттік басқару мен қоғамдық қызметтердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп, қаржының жұмсалуын бақылауда жүйелі тәсіл қажет.
Жасанды интеллект саясатты ұйымдастырудағы және мемлекетті басқарудағы барлық тетіктерді тиімді жүргізуге бағытталған бір құрал ретінде. Бұл, әлбетте, барлық мәселелердің панацеясы емес, бірақ осы жұмысты ұйымдастырудағы тиімділікті арттыратын өте өзекті құрал,- деді саясаттанушы.
Жолдауда Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану мәселесіне де басымдық берілді. Саясаттанушының пікірінше, қор қаржысы күнделікті бюджет тапшылығын жабуға емес, елдің ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін нақты жобаларға бағытталуы керек. Әсіресе, өңірлердің инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандар салу және жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды.
Ұлттық қордың қаражатын тиімді пайдалану керек және оны біз болашақ ұрпақтың банктік есепшотында ғана емес, қаржы түрінде, мықты мемлекет ретінде қалдыруымыз керек, - деді саясаттанушы Жанерке Қайратқызы
Сарапшы инфрақұрылымдық жобалар өңірлердің экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың ірі қалаларға көшу қарқынын төмендетуге ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Ол үшін аймақтарда сапалы жұмыс орындары құрылып, әлеуметтік қызметтер қолжетімді болуы қажет.
Инфрақұрылымдық құрылыс Қазақстанның экономикалық жалпы дамуына үлкен мүмкіндіктер ашады, аумақтардың дамуына мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар бұл жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді ,- деді саясаттанушы.
Жанерке Қайратқызының пікірінше, Жолдауда айтылған бастамалардың нәтижесі олардың іс жүзінде орындалуына байланысты. Ал бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауда қоғамдық белсенділік пен ашықтықтың маңызы зор.
Тегтер #президент #жолдау #экономика #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz