RU
Толық нұсқаға өту

Шикізаттан дайын өнімге дейін

29.10.2026, 08:15 41

Түркістан облысында 2030 жылға дейін мақта-тоқыма өнеркәсібінде 5 ірі жоба жүзеге асырылады. Жалпы құны – 212,6 млрд теңге. Жоба «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» аясында қолға алынған. Алғашқы нысан іске қосылды. 

Түркістан облысында елімізде баламасы жоқ ірі мақта өңдеу жобасы жүзеге асырылуда. Алдымен мақтаны тамшылатып суаруға арналған қажетті таспалар шығаратын зауыт іске қосылды. Биыл өңірде 173 мың гектардан астам алқапқа мақта дақылы егілсе, соның 91 мың гектарына су үнемдеу технологиялары енгізілді. Бүгінге дейін шаруалар ақ алтынның 90 пайызын жинап үлгерді. Жалпы биыл 556 мың тоннаға жуық мақта жинау жоспарлануда. Орташа өнімділік – 32 центнер. Қазір өңірдегі 29 мақта өңдеу зауытына тиесілі 169 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр.

Мыңбосын Сексенбаев, қожалық төрағасы:

- Біз «Нұрбибі» деген зауытпен 5 жылдан бері бірге жұмыс істейміз. Бізді ештеңеден тарықтырып жатқан жоқ. Жер жыртудан бастап қаражат береді, соның арқасында осынша нәрсе істеліп жатыр. Сол кісілерге өткіземіз, олар ары қарай шетелге экспорттайды.

Қазір Отырар ауданындағы инвесторлар салған 4 заманауи мақта өңдеу зауыты 52 мың гектар жерге жаңа технологиямен енгізген ақ алтынды қабылдап жатыр. Олар жылына 180 мың тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы.

Жеңіс Қастер, технолог:

- Бұл зауытта мақтаның қоқысын бөлек, ұрығын бөлек алады. Тазаланған мақтаны прецтеп, бөлек жинаймыз. Бір зауыттан күніне 185 тонна мақта өндіріледі. Күніне 700 тоннадай мақтаның тұқымы өндіріледі.

Ал Мақтаарал ауданында мақта майын өңдейтін зауыт іске қосылды. Қалдық болып кәдеге жарамайтын мақта шиті енді өндірісте терең өңделіп жатыр. Жоба құны – 1,5 млрд теңге. Кәсіпорын 40-қа жуық ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Абдухошим Боев, кәсіпкер:

- Мақта шитінен табиғи таза май шығарып жатырмыз. Күніне 100 тонна шитті өңдеп, 15 тонна май аламыз. Зауыт заманауи технологиямен жабдықталған. Дайын өнімді экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз.

Ал Түркістандағы мақта-тоқыма фабрикасы жіп иіруден бастап, мата мен дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтиды. Қазір мұнда мақта талшығынан 10-нан астам жіп түрі шығарылады. Жақында матаны бояп, тоқып, тігіп, дайын өнім шығаратын бірнеше цех іске қосылады. Зауыт толық іске қосылған кезде жыл сайын 11 мың тонна жіп, 47 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жабдықтары және 4 млн көрпе өндіру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер отандық жеңіл өнеркәсіптің импортқа тәуелділігін азайтып, ішкі нарықты сапалы қазақстандық өніммен қамтамасыз етуге жол ашады.

Әлібек Плалов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Осы уақытқа дейін тек мақта талшығы мен шиті ғана экспорталатын болса, енді дайын өнімдерді экспорттауға жол ашылатын болады. Жіп, мата, дайын киім түрінде экспортталады. Бұл өз кезегінде баға тұрақтылығына әсер етеді және шаруалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізеді.

Инвестициялық жоба аясында жоспарланған 11 өндіріс нысанының бүгінге дейін 7-і пайдалануға берілді. Жоба толық іске асқанда жылына 230 мың тонна дайын өнім өндіріліп, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы да өз Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен осы саладағы тиімді жобаларды қолдауға баса назар аударған болатын. Ондағы мақсат – мақтаны шикізат күйінде сатпай, өз елімізде терең өңдеп, дайын өнім шығару.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz