Қазақстан мен Германия ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын арттырып, асыл тұқымды мал шаруашылығы, тұқым өндіру және заманауи агротехнологияларды енгізу бағытындағы бірлескен жобаларды дамытуды көздеп отыр. 2025 жылы екі ел арасындағы агроөнеркәсіп өнімдерінің өзара саудасы 23%-ға өсті, деп хабарлайды 24KZ.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин Германияның Ауыл шаруашылығы федералдық министрлігінің парламенттік мемлекеттік хатшысы Мартина Энгльхардт-Копфпен кездесіп, екіжақты сауда байланыстарын кеңейту және агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Таласбек Қанафиннің айтуынша, Германия ауыл шаруашылығын жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, өсімдік сұрыптары мен мал тұқымдарын асылдандыру және өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағыттарында мол тәжірибе жинақтаған.
2025 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің Германияға экспорты 38%-ға артты. Ал 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында екі ел арасындағы жалпы тауар айналымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға өсті.
Сүтті мал шаруашылығы – екі ел ынтымақтастығының негізгі бағыттарының бірі. KFM жобасы аясында 400-ден астам маман арнайы оқудан өтіп, біліктілігін арттырды. Сонымен қатар сүт өндірушілерге кеңес беріп, мамандарды оқытатын орталық ашылды.
Қазақстан мен Германия Орталық Азияда тұрақты егіншілік тәсілдерін дамытуға арналған өңірлік орталық құру жұмысын да жалғастырып жатыр. Жоба аймақ елдерінің тәжірибе алмасуына, озық әдістерді таратуға және жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген технологияларды енгізуге бағытталған.
Екі ел арасындағы өндірістік әріптестіктің тағы бір нәтижесі – Қазақстанда CLAAS компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын шығару. Жоба басталғалы бері жалпы құны шамамен 270 млрд теңге болатын 2,1 мыңға жуық техника өндірілген. Бұл отандық машина жасау саласын дамытуға және шаруалардың заманауи техникаға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта Германиямен асыл тұқымды мал өсіру, тұқым шаруашылығы, селекция және органикалық ауыл шаруашылығы бағыттарындағы байланысты кеңейту жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін Германиядан жалпы құны шамамен 6 млрд теңге болатын 5 мың бас голштин-фриз тұқымды ірі қара әкелу көзделген.
Тұқым шаруашылығында да неміс технологияларына сұраныс артып келеді. Қазақстандық шаруашылықтар мен ғылыми мекемелер PETKUS компаниясынан тұқымдық материалды дайындауға арналған 15 техника сатып алды. Жабдықтардың жалпы құны – 2,9 млрд теңге. Жаңа техника тұқымды өңдеу сапасы мен өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды жалғастыруға, мамандардың тәжірибе алмасуын жандандыруға және агроөнеркәсіптің басым бағыттарында жаңа бірлескен жобаларды қолға алуға келісті.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #ауыл шаруашылығы #агроөеркәсіп #экспортPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz