Қазақстан әлемнің ірі 50 экономикасының қатарына кіріп, мемлекеттік онлайн қызметтерді дамыту бойынша үздік ондыққа енді. Сондай-ақ ел инновация, өмір сапасы және тұрақты даму көрсеткіштері бойынша халықаралық рейтингтердегі орнын жақсартты, деп хабарлайды 24KZ.
Экономика және халықаралық ықпал
Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемдегі ең ірі экономикалар арасында 47-орынға жайғасады. Елдің номиналды жалпы ішкі өнімі 398 млрд долларға жуықтайды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Португалия мен Финляндиядан озып тұр.
World Population Review жариялаған Most Powerful Countries 2026 рейтингінде Қазақстан 100 елдің ішінде 34-орын алды. Зерттеуде мемлекеттердің экономикалық және саяси ықпалы, сондай-ақ әскери әлеуеті ескеріледі.
Цифрландыру және инновация
Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша да нәтижесін жақсартты. БҰҰ-ның E-Government Survey 2024 зерттеуінде ел 193 мемлекеттің арасында 24-орынға тұрақтады. Бұл — алдыңғы көрсеткіштен төрт саты жоғары. Ал мемлекеттік онлайн қызметтерді дамыту индексінде Қазақстан әлем бойынша 10-орынға енді.
Инновациялық даму көрсеткіштері де өсті. 2026 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде Қазақстан 139 экономиканың арасында 81-орыннан 73-орынға көтерілді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, «Білім мен технология саласындағы нәтижелер» бағыты бойынша ел 87-орыннан 69-орынға шықты.
Өмір сапасы және әлеуметтік даму
World Happiness Report 2026 рейтингінде Қазақстан 147 елдің арасында 33-орынға жайғасты. Бір жылда он сатыға көтерілген. Халықтың өмірге қанағаттану деңгейі 10 балдың ішінен 6,633 балл деп бағаланған. Рейтинг 2023–2025 жылдардағы сауалнама нәтижелеріне негізделген.
Балалардың құқықтарын қорғау көрсеткіші бойынша Қазақстан KidsRights Index 2026 рейтингінде 194 елдің арасында 24-орын алды. Елдің көрсеткіші — 0,797 балл.
БҰҰ-ның 2025 жылы жарияланған Адам дамуы индексінде Қазақстан 60-орынға тұрақтап, адам дамуы өте жоғары елдер тобына кірді.
Халықаралық ашықтық
Henley Passport Index 2026 рейтингісінің қаңтардағы нұсқасында Қазақстан паспорты 61-орынға жайғасты. Сол кезде қазақстандықтар 78 бағытқа алдын ала виза рәсімдемей бара алатын.
Open Data Inventory 2024 ресми статистиканың ашықтығы рейтингінде Қазақстан жеті сатыға көтеріліп, 198 елдің арасында 51-орыннан 44-орынға шықты.
Ал Sustainable Development Report 2026 рейтингінде Қазақстан БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу көрсеткіші бойынша 169 елдің арасында 67-орын алды. Бұл — алдыңғы нәтижеден үш саты жоғары.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #халықаралық рейтингтер #экономика #ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz