RU
Толық нұсқаға өту

Өскеменде бизнесті қолдау шаралары талқыланды

29.10.2026, 21:38 33

Қазақстандық кәсіпкерлер шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылға мораторий жариялаудың экономикалық тиімділігін талқылап жатыр.

Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерген еді. Мораторий енгізу жөніндегі ұсыныстарды Үкімет екі апта ішінде қарайды. Талқылауда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының, бизнес-омбудсменнің және депутаттардың пікірлері ескеріледі.

Шағын және орта бизнес отандық экономиканың дамуына елеулі үлес қосып отыр. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты сарапшыларының бағалауынша, шағын кәсіпорындарда 4,5 миллионнан астам адам еңбек етеді. Олар мемлекет қазынасына түсетін салық түсімдерінің едәуір бөлігін қамтамасыз ететін негізгі салық төлеушілердің бірі. «Президент ұсынған шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялау бастамасы кәсіпкерліктің тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды қадам», – деді бизнес қауымдастық өкілдері.

Рустам Адамов, кәсіпкер:

- Президенттің мораторий енгізуді ұсынғаны – жақсы бастама. Мәселенің күн тәртібіне шығарылғаны өте дұрыс болды. Біз үшін ең бастысы – оның ойдағыдай жүзеге асырылғаны маңызды.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне екі апта ішінде микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Талқылау барысында Құрылтай депутаттары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіреді. Кәсіпкерлер палатасы бизнесті қолдаудың жаңа тетіктеріне де назар аударып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнестің мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына қатысуын жеңілдетуді ұсынды. Бұл кәсіпкерлердің сауда ауқымын кеңейтіп, отандық тауарлар мен қызметтер өндірісін дамытуды ілгерілетеді.

Қайрат Мамырбаев, ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Қосымша қолдау шаралары да қарастырылып жатыр. Соның ішіндегі ең маңыздысы – мемлекеттік сатып алулардың белгілі бір бөлігін шағын және орта бизнеске бекітіп беру деп ойлаймын. Бұл жұмыстар ең алдымен, мемлекеттік сатып алулардан басталуы мүмкін. Кейін бұл тетік квазимемлекеттік сектор мен өңдеу өнеркәсібінде де қолданылады.

Еліміз бойынша шағын және орта бизнестің 2 миллионнан астам субъектісі бар. Олар ел экономикасының шашамен 40 пайызын қалыптастырады. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау шаралары ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр.

Авторы Ардақ Айбарұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz