RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысының кәсіпкерлікті дамыту тәжірибесі үлгі ретінде ұсынылды

29.10.2026, 23:42 32

Түркістан облысының кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тәжірибесі 12 облыстың делегатына үлгі ретінде ұсынылды.

Ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласының мамандары Сауран ауданында орналасқан шағын және ірі өндірістік парктердің жұмысымен танысты. Тараптар кәсіпкерлікті дамыту, шағын өндіріс алаңдарын тиімді ұйымдастыру және отандық өнім өндірісін арттыру бағытында тәжірибе алмасты.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Еліміздің әр өңірінен кәсіпкерлік саласына жауапты жүзге жуық маман Түркістан облысына арнайы келді. Делегация мүшелеріне алдымен Сауран ауданындағы «Иассы» өндірістік алаңының жұмысы таныстырылды. Мұнда әр кәсіпкерге 30 сотықтан жер беріліп, мемлекет инфрақұрылыммен қамтыған. Ал ғимаратты кәсіпкер өз қаражатына салады. Соның бірі күн панельдерін шығаратын цех. Мұнда күн сәулесінен қуат алатын шамдардың түр-түрі шығарылады.

Айдос Мұсабеков, кәсіпкер:

- Дәл қазір сұранысқа ие болып жатқан күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдарымыз. Саябақтарға, көшелерге қойылатын сәндік шамдар да бар. Негізгі бағытымыз - темірге қатысты құрастырмалы сәндік дүниелер. Жеке адамдардан да тапсырыстар болады. Әзірге әкімдік парктерге алып жатыр.

Жалпы аумағы 9 гектар болатын өндірістік алаңда 24 жобаны жүзеге асыру көзделген. Қазір аудандағы 7 ауылда осындай өндіріс алаңдары жұмыс істейді. Басым бөлігі жиһаз жасау, тігін бұйымдарын шығару, құрылыс материалдарын, пластмасса және қағаз өнімдерін өндіреді.

Мақсат Таңғатаров, Сауран ауданының әкімі:

- Аудан бойынша 160 үлкен-кішілі цехтар салынып жатыр. Одан бөлек техника құрастыру, тамшылатып, жаңбырлатып суару, ауыл шаруашылығы техникасына қажетті жабдықтарды шығару өндірістерін қолға алып, нәтижесінде ауданымызда 10 мыңдай жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлап отырмыз. Барлық елді мекендерде осындай өндіріс алаңдарын құрып, халықтың табысын арттыру бағытында жұмыс жүріп жатыр.

Кездесу барысында өндірістік алаңдарды дамыту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, инвестиция тарту және жергілікті өндірісті өркендету мәселелері сөз болды. Қатысушылар Түркістан облысында шағын өндірістерді инфрақұрылыммен қамту, кәсіпкерлерді қолдау және жаңа өндірістерді іске қосу тәжірибесімен танысты.

Қазыбек Серікбайұлы, СҚО Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары:

- Бізде бұндай шағын өндірістік алаң жоқ, бізде үлкен кәсіпорындар бар. Шағын кәсіпкерлік дамымаған. Біздің жақтағылар мал шаруашылығымен айналысып жатыр. Бізге осындай шағын кәсіпкерлер керек. Шеге, қағаз шығаратын. Сол себептен аудан орталықтарынан осындай кәсіп ашуға ниетіміз бар. Сондықтан осы тәжірибені көріп, қалай жер бөлінді, тәртібін білейік деп келдік. 

Жанар Әбілдинова, ШҚО ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Тәжірибе алмасу бойынша келіп, көзімізбен көріп жатырмыз. Жеке кәсіпкерлерді қолдау өте жақсы қолға алынған. Көп тәжірибе алуға болады. Енді сіздерден көрген нәрсені іске асыруға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Себебі бір адам жасаған тәжірибені басқа адам да жасауға болады деген ойдамын мен өз басым.

Түркістан облысында 200 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субектісі жұмыс істейді. 21 индустриалды аймақта құны 447 млрд теңгелік 138 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал соңғы 2 жылда 29 шағын өнеркәсіптік паркте 178 өндірістік ғимарат салынды. Онда 146 жоба іске қосылып, инвестиция көлемі 163 млрд теңгеге жетті.

Қанат Қайыпбеков, облыс әкімінің орынбасары:

- Әр жобаның артында инвестиция. Әр инвестицияның артында жаңа жұмыс орыны. Өздеріңіз білесіздер, әр жұмыс орнында өзіндік кірістер, яғни салықтар түседі. Біз үшін осы маңызды бағытты іске асыру ең бірінші міндет деп осы бағытта жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту елдің экономикалық әлеуетін нығайтатынын атап өтті. Үкіметке шағын бизнесті әртараптандырып, орта бизнесті дамытудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды. Соңғы 7 жылда бизнес саласында 93 мың жаңа жұмыс орыны ашылып, 134,8 трлн теңгенің өнімін өндірілді. Нәтижесінде бюджетке 9,4 трлн теңге салық түсті. Сондай-ақ Президент жаңа Салық кодексіндегі қайшылықтарды жойып, кәсіпкерлерге түсетін жүктемені азайту керектігін айтты. Одан бөлек шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізуді ұсынды.

Авторлары Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz