Ұлттық қордан бөлінетін 6,5 триллион теңге ауқымды құрылыс жобаларына бағытталады. Қаржының мақсатты жұмсалуын Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірлесіп талқыламақ. Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова «24KZ» арнасына берген сұқбатында Президент Жолдауында денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет нысандарын салуға басымдық берілгенін айтты.
Енді бізде қазір Құрылтайда алдағы 3 жылдың бюджеті келіп түсті, біз оны бірінші оқылымда мақұлдадық. Енді осы жаңағы алдағы қарастырылатын жаңағы 6,5 триллион теңгенің қандай нысандарға жұмсалатындығын біз осы үкіметпен бірге талқылайтын боламыз, - деді Ләззат Қожахметова.
Депутаттың айтуынша, алдағы жылдары жаңа әлеуметтік нысандар салу көзделген. Атап айтқанда, перинаталдық орталықтар, балалар ауруханалары мен оңалту орталықтарына қажеттілік бар. Бұл, әсіресе, халық саны өсіп жатқан өңірлер үшін маңызды. Қазір Қазақстанда 7 миллионға жуық бала бар, жыл сайын 330 мыңға жуық сәби дүниеге келеді.
Президент Құрылтайдың бірінші сессиясында да айтқан болатын: мүгедектігі бар балаларға әр қалада оңалту орталығы болсын деді. Енді әр қалада балалар ауруханасы және перинаталдық жаңа заманауи орталықтар салуды тапсырып отыр. Яғни, біз осыларға қаржы бөлуді және әрі қарай оның салынғанын қадағалаумен осы біздің комитет айналысады, - деді Ләззат Қожахметова.
Жаңа нысандар салумен қатар, оларды білікті мамандармен қамтамасыз ету де маңызды. Депутаттың сөзінше, ауылға жұмысқа барған жас мамандарға қолдау көрсетіледі. Мәселен, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен қатар, шалғай елді мекендерге барған дәрігерлерге бір реттік қаржылай көмек беріледі. Мұндай шаралар мамандарды өңірлерде тұрақтандыруға бағытталған.
Ауылдарды дамыту мәселесіне де назар аударылды. Ләззат Қожахметованың айтуынша, келесі жылдан бастап ауыл тұрғындарына өз өнімдерін цифрлық платформалар арқылы өткізуге мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылмақ. Бұл ауыл кәсіпкерлерінің табысын арттыруға көмектеседі.
Келесі жылы пилоттық режимде, егер олар сол арқылы да, қаланың орталығына, облыс орталығына әкеп сатпай-ақ, ауылда отырып та өзінің өнімдерін – сүт, ет өнімдерін ауылда отырып та қала адамдарына сататындай мүмкіндіктер пайда болады. Яғни, бұл цифрлық технологияны, жасанды интеллектті пайдалану арқылы да біз ауылдың табысты монетизациялануына осы қолдау көрсететін боламыз, - деді Ләззат Қожахметова.
Сонымен қатар Президент Жолдауында жол инфрақұрылымын жаңғырту және халықаралық логистика мүмкіндіктерін тиімді пайдалану міндеті қойылды. Сапалы жолдар ауылдардың дамуына, туризмнің өркендеуіне және тауар тасымалының жеңілдеуіне ықпал етеді.
Сол себепті Президент келесі жылдан бастап барлық республикалық және жергілікті деңгейдегі жолдарды жөндеуден өткізу керек деді. Және біздің Президенттің осы жолдауда айтқан бір ерекшелігі – логистика арқылы да қаржы табуымыз қажет екенін айтты, - деді депутат.
Алдағы уақытта құрылысқа бағытталған қаржының нақты нысандарға бөлінуі мен жобалардың орындалуын бақылау маңызды болмақ. Депутаттың айтуынша, Құрылтайдың тиісті комитеті Үкіметпен бірлесіп, әлеуметтік нысандардың салынуы мен бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қадағалауға қатысады.
Тегтер #жолдау 2026 #экономика #депутат #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz