Қазақстанда ғылымды дамыту үшін ғалымдарға тұрақты қаржыландыру мен қолайлы академиялық орта қалыптастыру маңызды. Президент Жолдауында білім мен ғылымды ілгерілетуге, жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берілді. Құрылтай депутаты, Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің мүшесі Лаура Қарабасова «24KZ» арнасына берген сұқбатында осы бағыттағы негізгі міндеттерге тоқталды.
Депутаттың айтуынша, елде ғылымның жаңа буынын қалыптастырып қана қоймай, тәжірибелі мамандарды да салада сақтап қалу қажет. Ол үшін ғалымдарға зерттеу жүргізуге, ғылыми топ құруға және зертханаларын дамытуға мүмкіндік беретін тұрақты орта керек.
Ғалымдар үшін өте маңыздысы – тұрақты қалыптасқан, дамыған, жайлы экожүйе керек. Бұл маңызды. Академиялық орта – кез келген ғалым өзінің тұрақты жұмыс жасау үшін, өзінің командасын ғылыми қалыптастыру үшін, өзінің лабораториясын ашу үшін, сонымен қатар өзіне сенім бар, құрметпен қарайтын академиялық орталардың болуын қалайды, - деді Лаура Қарабасова.
Ғылымның дамуы қаржыландырудың тұрақтылығына да тікелей байланысты. Депутат ғылыми грант конкурстары уақытылы өткізіліп, ғылыми жобаларға қатысты шешімдер нақты мерзімде қабылдануы керектігін атап өтті. Сондай-ақ іргелі ғылымдарды қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзарту мәселесін көтерді.
Әсіресе, мен кешеде көтердім осы мәселені: бізде елімізде іргелі ғылымдарды қаржыландырудың тетіктерін 3 жылдан 5 жылға дейін циклді ұлғайту мәселесі бар. Бұл да өте маңызды, өйткені заң нормасы қабылданған, енді оның орындалу мәселесі бар, бұл да біз үшін өте маңызды, - деді Лаура Қарабасова.
Жолдаудағы басым бағыттардың бірі – жасанды интеллектіні дамыту. Лаура Қарабасова бұл бағыттағы білім мектептен басталуы керек деп есептейді. Оқушылар технологияны қолдануды ғана емес, оның мүмкіндіктері мен шектеулерін түсінуі қажет. Ол үшін алгоритмдік және логикалық ойлауды, математикалық сауаттылықты дамыту маңызды.
Депутаттың айтуынша, жасанды интеллектіні тек ақпараттық технологиялар саласымен шектеуге болмайды. Оны ауыл шаруашылығында, энергетикада, білім беру мен ғылымда да тиімді пайдалануға болады. Сондықтан болашақ мамандарға бұл технологияны жауапкершілікпен қолдануды үйрету қажет.
Сонымен қатар ғылымға жеке сектордың инвестициясын тарту мәселесі де өзекті. Қарабасованың сөзінше, бизнес пен салалық министрліктердің ғылыми зерттеулерді қолдауына ынталандыратын тетіктерді жетілдіру керек. Әсіресе, салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды нақтылау маңызды.
Сондықтан қазір Салық кодексіне қатысты біз мына қауымдастықпен, ғылыми қауымдастықпен және кәсіпорындармен бірлесе отырып, тағы да жетілдіретін тұстары бар. Бұл да біздің алдағы уақыттағы жұмыстарымыздың бағыттарының бірі, - деді Лаура Қарабасова.
Депутаттың айтуынша, Құрылтайдағы Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті ғылыми қауымдастықпен бірлесіп, саланың өзекті мәселелерін зерделеуге, заңнаманы жетілдіруге және қабылданған нормалардың орындалуын бақылауға атсалысады. Бұл жұмыстар ғылымды тұрақты дамытуға және жаңа технологияларды экономиканың түрлі саласына енгізуге бағытталған.
Тегтер #жолдау 2026 #экономика #депутат #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz