RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Қазақстанда кредиттік рейтинг агенттіктерін реттейтін заң күшіне енді

30.10.2026, 12:37 47

Қазақстанда кредиттік рейтинг агенттіктерінің қызметін реттейтін алғашқы заң күшіне енді. 21 қазаннан бастап қолданысқа енген құжат отандық, халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктердің мәртебесін, жұмыс тәртібі мен оларға қойылатын талаптарды айқындайды. Жаңа заң қазақстандық компаниялардың инвестиция тарту мүмкіндігін кеңейтіп, қаржы нарығындағы ашықтықты арттыруға бағытталған, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа бастаманың мәні мен артықшылықтары «Қаржы нарығы» бағдарламасында талқыланды. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, рейтингтік агенттіктер банктерге кәсіпорындардың қаржылық жағдайын бағалап, инвестиция салу кезінде тәуекелдерді ескеруге көмектеседі.

Рейтингтік агенттіктер инвестиция тарту кезінде банктерге белгілі бір кәсіпорынға немесе бизнеске қаржы бөлу туралы шешім қабылдауға көмектесетін құрал саналады. Қазақстанда осындай агенттіктердің болуы отандық банктерге елімізде тіркелген кәсіпорындардың қаржылық жағдайын рейтинг көрсеткіштері арқылы бағалауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар да қай салаға инвестиция салу керек, қай бағыт қолдауды қажет ететінін анықтай алады. Ал кәсіпкерлер бәсекелестерінің көрсеткіштерін салыстырып, өз бизнесінің жағдайын бағамдай алады, - деді экономист.

Рейтингтік агенттік дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – компанияның, банктің немесе мемлекеттің қаржылық міндеттемелерін орындай алу қабілетін бағалайтын ұйым. Ол қаржылық жағдайды, қарыз көлемі мен ықтимал тәуекелдерді талдап, тиісті кредиттік рейтинг береді. Рейтинг неғұрлым жоғары болса, компанияның инвестор тарту және қаржы алу мүмкіндігі соғұрлым артады. Алайда жоғары рейтинг қарыздың міндетті түрде қайтарылатынына кепілдік бермейді.

Жаңа заңды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп әзірлеген. 2026 жылғы 23 шілдеде қабылданып, 21 тамызда ресми жарияланған құжат 21 қазаннан бастап күшіне енді.

Заңда рейтингтік агенттіктердің үш түрі қарастырылған. Олар – Ұлттық банк құрылтайшысы болатын қазақстандық агенттік, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше кемінде бес елдің қаржы реттеушілері таныған халықаралық агенттіктер және өз елінің қаржы реттеушісі мойындаған шетелдік агенттіктер.

Мұндай құрылым ішкі нарықта отандық компаниялардың да, халықаралық рейтингтік ұйымдардың да жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекет агенттіктердің қызметін бақылап, олардың тәуелсіздігі мен ашықтығына қойылатын талаптарды күшейтеді. Атап айтқанда, мамандарды ротациялау, мүдделер қақтығысына жол бермеу, капиталға және басшылық құрамға талап қою, рейтинг беру әдістемелерін жүйелі жаңарту көзделген.

Экономистің пікірінше, рейтингтік агенттіктердің ақпараты қарапайым азаматтарға да пайдалы болуы мүмкін. Мәселен, кәсіп ашуды немесе белгілі бір салаға инвестиция салуды жоспарлаған адам осы мәліметтер арқылы тәуекелдерді алдын ала бағалай алады.

Мен бизнес ашуды жоспарласам, IT саласын ба, жасанды интеллект бағытын ба, әлде ауыл шаруашылығын ба таңдау керегін ойластырамын. Осындай кезде рейтингтік агенттіктердің мәліметтері қай салада тәуекел барын, қай бағытқа қаржы салу тиімді болуы мүмкін екенін түсінуге көмектеседі. Сондықтан отандық рейтингтік агенттіктердің болуы барлық тарап үшін пайдалы, - деді Бауыржан Ысқақов.

Қазір халықаралық рейтинг нарығында Fitch Ratings, Moody's және S&P Global Ratings сияқты ірі агенттіктер жұмыс істейді. Алайда олардың қызмет құны шағын және орта бизнес үшін қолжетімді бола бермейді. Сондықтан Қазақстанда ұлттық рейтингтік агенттік құру отандық кәсіпорындардың сапалы бағалау қызметтерін алуына және қор нарығы арқылы қаржы тартуына жол ашуға бағытталған.

Айта кетейік, 2026 жылғы 21 тамызда S&P Global Ratings агенттігі Қазақстанның егемен кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне көтеріп, болжамын тұрақты деп белгіледі. Бұл деңгейге Қазақстан 2016 жылдан бері алғаш рет қол жеткізді. Агенттік мұндай шешімді экономиканың орнықтылығымен, сыртқы және фискалдық резервтердің жеткіліктілігімен, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру үдерісімен байланыстырды.

Осылайша, рейтингтік агенттіктердің қызметін реттейтін заң қаржы нарығының жаңа тетігін қалыптастыруға бағытталған. Оның тиімділігі бағалау әдістемелерінің ашықтығына, агенттіктердің тәуелсіздігіне және инвесторлардың сеніміне байланысты болады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz