Қазақстанда етті бағыттағы қой шаруашылығын дамыту үшін Аустралиядан 1 765 бас асыл тұқымды қой әкелінді. Олардың қатарында дорпер және «Аустралиялық ақ» тұқымдары бар. Асыл тұқымды мал Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы екі шаруашылыққа жеткізілді, деп хабарлайды 24KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Ақмола облысындағы «Ерейментау-Астық-2014» ЖШС-не дорпер тұқымының 1 100 бас қойы жеткізілді. Бұл – шаруашылықтың жалпы саны 4 мың бас ұсақ мал сатып алу жөніндегі жобасының алғашқы кезеңі. Жоба «Береке» жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Ал Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданындағы «Eco Lamb» ЖШС-не 665 бас асыл тұқымды мал әкелінді. Оның 497-сі «Аустралиялық ақ» тұқымына, 168-і дорпер тұқымына жататын саулық.
Шаруашылық алдағы уақытта «Аустралиялық ақ» тұқымды қой өсіретін асыл тұқымды репродуктор құруды жоспарлап отыр. Бұл тұқымдардың таңдалуы олардың ет өнімділігі жоғары әрі тез жетілуімен байланысты. Мамандардың айтуынша, мұндай малды өсіру отардың өнімділігін арттырып, қой етінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Асыл тұқымды шаруашылықтардың құрылуы Қазақстанда жоғары өнімді қойларды өз күшімізбен көбейтуге жол ашады. Сонымен қатар сапалы асыл тұқымды мал қорын қалыптастырып, оны өзге шаруашылықтарға таратуға мүмкіндік береді.
Бұл жұмыс 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жүргізіліп жатыр. Құжатта ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыру, асыл тұқымды мал базасын нығайту, отандық селекцияны дамыту және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту көзделген.
Жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанда етті бағыттағы қой шаруашылығының әлеуетін арттырып, сапалы қой етінің өндірісін тұрақты жолға қою көзделіп отыр. Сонымен қатар саланың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп, ет өнімдерін терең өңдеуді дамытуға жағдай жасалмақ.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #қой #асыл тұқым #АустралияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz