Қазақстан ірі көлік хабына айналып келеді. Жыл басынан бері Қытайдан Еуропаға жүк тасымалы өсті. Кейінгі 9 айда бір ғана Қорғас порты арқылы 7 мың жүк пойызы кәрі құрлыққа жөнелтілген.
Елде қалыптасқан халықаралық дәліздер трансшекаралық сауда мен транзиттің артуына жол ашып отыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға транзиттік жүк көлемі артты. Қазір көрші ел бұл бағытта құрлық арқылы жөнелтетін жүктерінің 85 пайызын біздің жолдармен тасымалдап отыр. Өйткені бұл тұрақты, қауіпсіз, ең бастысы жүк жылдам жетеді.
Мәселен, бір ғана Қорғас порты Қытайды 18 мемлекеттің 46 қала және аймағымен байланыстырып тұр. Бұл жолмен Еуропаға кейінгі 9 айда 12 миллион тонна жүк жөнелтілген. Бүгінде еліміздің аумағында 12 халықаралық көлік дәлізі бар. Оның бесеуі – теміржол, жетеуі – автомобиль жолдары. Кейінгі 5 жылда Қазақстанда салынған және қайта жаңғыртылған теміржол желісі 5 мың шақырымға жуықтайды. Тағы 11 мыңы жөнделіп жатыр. Алдағы жылдары 2 мың шақырымынан аса жаңа теміржол салу жоспарда. Екі ал арасын жалғап жатқан «Достық-Мойынты» желісінің екінші кезеңі пайдалануға беріліп, өткізу қабілеті едәуір артты. Қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші шекаралық теміржол өткелін қалыптастыратын «Бақты-Аягөз» теміржол жобасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар Алашаңқай және Алтынкөл-Қорғас өткізу бекеттерінің өткізу мүмкіндіктері кеңейтілуде. Бұл еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір ретіндегі стратегиялық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ ұлттық көлік логистика жүйесінің тиімділігін арттыра түседі.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Ал Қазақстан мен Қытай жүк тасымалы да жылдан жылға артып келеді. Екі ел арасындағы көлік байланысының нәтижесінде өткен жылы теміржолмен тасымалданған жүктің көлемі 11,1 пайызға өсті. Ал 2026 жылдың алғашқы 8 айында жүк тасымалы 25,1 миллион тоннадан асып 8,3 пайызға жетіп отыр.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы
Тегтер #Қазақстан #Қытай #көлік #жүк тасымалы #Қорғас портыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz