RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Ауылдарға ауызсу, жол және мектеп: «Халықтық құрылыс» бастамасының басымдықтары аталды

02.11.2026, 09:44 44

Шалғай ауылдарда ауызсу, жол, мектеп және медициналық мекемелер мәселесін шешу – «Халықтық құрылыс» бастамасының негізгі бағыттарының бірі. Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаевтың пікірінше, жаңа жобалар ең алдымен тұрғындардың күнделікті өміріне қажетті инфрақұрылымды дамытуға бағытталуы керек. Бұл туралы ол 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Депутаттың сөзінше, елді мекендердің даму деңгейін тек экономикалық көрсеткіштермен немесе бой көтерген ірі ғимараттардың санымен бағалау жеткіліксіз. Ең маңыздысы – тұрғындардың сапалы ауызсуға, жолға, білім беру мен медициналық қызметке қол жеткізуі.

Халыққа керегі – күнделікті пайдаланатын жолы, ішетін суы, балалары баратын сапалы әрі заманауи мектебі. Ауылдық жерлерде медициналық қызмет алатын амбулаториялар мен перинаталдық орталықтар да қажет. Осындай нысандар тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді, – деді Аббат Өрісбаев.

Ол «Халықтық құрылыс» аясында қаржысы жетпей, жылдар бойы кейінге шегеріліп келген әлеуметтік нысандарды салуға мүмкіндік туатынын атап өтті. Оның ішінде спорт нысандары мен инклюзия орталықтары да бар.

Бастаманың тағы бір маңызды тұсы – жобаларды таңдауда тұрғындардың пікірін ескеру. Депутаттың айтуынша, қазірдің өзінде өңірлерден азаматтар өздері үшін қажетті нысандар туралы ұсыныстарын жолдап жатыр. Оларды жинақтап, ең өзекті мәселелерді анықтау қажет.

Көптеген тұрғын өңірлерден хабарласып, өз ұсыныстарын айтып жатыр. «Бізде осындай қажеттілік бар еді» деген өтініштер түсуде. Қазір сол ұсыныстарды жинақтап жатырмыз, – деді депутат.

Жалпы, 2029 жылға дейін «Халықтық құрылыс» жобасына 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланған. Оның 1,5 трлн теңгесін биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында бағыттау көзделіп отыр.

Аббат Өрісбаев бұл бастама ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, өңірлік экономиканың дамуына да ықпал етеді деп санайды. Құрылыс жұмыстарына жергілікті мамандарды тарту және отандық кәсіпорындардың материалдарын пайдалану арқылы өңірлердегі өндіріс пен қызмет көрсету саласына сұраныс артуы мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz