Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев активтерді токендеу ісін дамыту міндетін қойды. Бұл тәсіл арқылы құны миллиардтаған теңге болатын жылжымайтын мүлік пен өзге де активтерді шағын үлестерге бөліп, азаматтарға аз қаражатпен инвестиция салуға мүмкіндік туады. Алайда токендеу қалай жұмыс істейді, оның халыққа қандай пайдасы бар және цифрлық активтерді сатып алғанда нені ескеру керек? Бұл туралы 24KZ арнасының «Қаржы нарығы» бағдарламасында айтылды.
Мысалы, құны миллиардтаған теңге тұратын бизнес орталығын бір адамның сатып алуы қиын. Ал нысан токендерге бөлінсе, азаматтар 5 мың немесе 10 мың теңгеден бастап инвестиция салып, оның белгілі бір үлесіне иелік ете алады. Егер ғимарат жалға берілсе, инвестор салған қаражатына сәйкес табыс алуы мүмкін. Ал активтің нарықтық құны артса, токеннің бағасы да өсуі ықтимал.
Токендеу тек жылжымайтын мүлікке қатысты емес. Қоймалар, кен орындары, жер телімдері мен инфрақұрылым нысандары да цифрлық активке айналуы мүмкін. Бұл кәсіпкерлерге қосымша инвестиция тартуға, ал инвесторларға бұрын қолжетімсіз болған жобаларға аз қаражатпен қатысуға жол ашады. Сонымен қатар цифрлық ортада операциялардың ашықтығын арттыру арқылы көлеңкелі экономиканы азайтуға мүмкіндік бар.
Астана халықаралық қаржы орталығы комитетінің бөлім директоры Алтай Слямовтің айтуынша, Қазақстанда токендеуді реттеуге қажетті құқықтық негіз қалыптасқан. АХҚО-да тиісті жүйе 2024 жылдан бері жұмыс істесе, жалпыұлттық деңгейде реттеу тетіктері биылдан бастап енгізілген.
Сарапшының пікірінше, ендігі міндет – токендеу жобаларын сынақтан өткізуге жағдай жасау, кәсіпкерлерге оның инвестиция тартудағы мүмкіндіктерін түсіндіру және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру.
Алтай Слямов токенделген активтерге инвестиция салғысы келетін азаматтарға алдымен компанияның лицензиясын тексеруге кеңес береді. Оның сөзінше, тек Астана халықаралық қаржы орталығының немесе Ұлттық банктің рұқсаты бар ұйымдармен жұмыс істеген жөн. Лицензиясы бар компаниялардың тізімі осы мекемелердің ресми сайттарында жарияланған.
Токендеудің тағы бір артықшылығы – активті сату немесе басқа адамға беру рәсімін жеңілдету. Мәселен, жылжымайтын мүлікті сату бірнеше айға, тіпті жылға созылуы мүмкін. Ал токенделген активті цифрлық платформа арқылы қысқа уақытта басқа инвесторға аударуға болады. Блокчейн технологиясы операциялар туралы мәліметтерді тіркеп, олардың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Дегенмен сарапшылар цифрлық активтерге инвестиция салғанда қауіпсіздік мәселесін естен шығармау керегін ескертеді. Токеннің құны өзгеруі мүмкін, ал заңнамалық талаптар сақталмаған немесе лицензиясыз платформалар арқылы жұмыс істеу қаржылық тәуекелге әкеледі. Сондықтан инвестиция жасамас бұрын активтің құқықтық мәртебесін, оны шығарған компанияны және платформаның рұқсатын мұқият тексеру қажет.
Осылайша, активтерді токендеу ірі жобаларға инвестиция салудың жаңа жолын ұсынады. Алайда бұл тетіктің кеңінен қолданылуы құқықтық реттеуге, киберқауіпсіздікке және азаматтардың қаржылық сауаттылығына тікелей байланысты.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #токендеу #активтер #қаржыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz