Атырау облысында 2030 жылға дейін балық шаруашылығын дамытуға бағытталған 8 жоба жүзеге асырылады. Оған 25 млрд теңгеден аса инвестиция тартылады деп жоспарланған.
Жалпы өңірде балық қорын молайту, әсіресе бекіре тұқымдас балықты көбейту бағытында биыл Жайық өзеніне 4 млн-ға жуық шабақ жіберілген. Өңірде жүзеге асып жатқан жобаның бірі – Құрманғазы ауданындағы Шортанбай балық өңдеу зауытын жаңарту жұмысы. Жоба құны 12 млрд теңгеден асады. Зауыт аумағындағы ескі ғимараттар сүріліп, жаңадан 11 нысанның іргетасы қаланды. Кешенде балықты қабылдау, мұздату, тұздау, қақтау, консервілеу, уылдырық пен филе дайындау, сондай-ақ механикалық жөндеу цехтары болады. Зауыт толық іске қосылған соң 200 түрлі өнім шығарылады.
Саламат Омаров, Шортанбай балық зауытының директоры:
- Қазіргі таңда бізде толықтай бітіп тұрған ол - балық қабылдау, сақтау және сұрыптау цехы. Сонымен қатар бізде қазір 2 ангардың құрылысы бітті және де балық қақтау цехының құрылысы жүргізілуде.
Өңірде 2030 жылға дейін 8 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде тауарлы балық өсіру көрсеткішін 2600 тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібін жандандыру көзделген. Биылғы 9 айда өңірде 7 мың тоннаға жуық балық өңделді.
Бекзат Сәрсенғали, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
- 2025 жылы облыста 9,7 мың тоннаға жуық балық, ал республика бойынша 60 мың тоннаға дейін балық өңделген болатын. Атыраудың үлесі шамамен 16 пайыз деңгейді көрсетіп отыр. Қазіргі таңда ауланатын балықтың көлемі көбінесе өңделіп, облыстан экспортқа да, ішкі нарыққа да жіберіліп отыр. Біздің негізгі міндеттердің бірі – балықты шикізат ретінде жібермеу, толықтай терең өңдеуден өткізіп, үстіне қосылатын бағамен сату.
Облыста балық қорын молайту мақсатында биыл 4 млнға жуық бекіре шабағы Жайық өзеніне жіберілген. Сонымен қатар браконьерліктің жолын кесу бағытында да рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Жыл басынан бері 2400 заңбұзушылық анықталып, 168 іс соттың қарауына жіберілген.
Рүстем Қорқытов, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының баспасөз хатшысы:
- Балық қорғау заңнамасын бұзғандарға 38 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 6 тоннадан астам балық, 3 мыңнан астам ау тәркіленді. Бұған қоса 170 жүзу құралы алынды. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары Атырау және Батыс Қазақстан облыстары бойынша 46 млннан аса шабақты құтарып, табиғи ортасы жіберді.
Биыл балық аулаумен айналысатын 16 кооператив 16 мың тоннаға жуық лимитті игеруі керек. Қазір оның 44 пайызы орындалған. Жалпы елімізде ауланатын су маржанының 31 пайызы Атырау өңіріне тиесілі.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов
Тегтер #Атырау #балық шаруашылығы #жоба #бекіре #инвестицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz