Мемлекет басшысы банк жүйесінің қаржысы тұтынушылық несиеге ғана емес, ең алдымен нақты секторды дамытуға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Алайда екінші деңгейлі банктер үшін өндірісті қаржыландыруға қарағанда, жеке тұлғаларға несие беру тиімдірек. Себебі кәсіпорындарға ұзақ мерзімді қаржы бөлу күрделі рәсімдер мен қосымша кепілдіктерді талап етеді. Экономист Бекнұр Сейітжанұлының айтуынша, бұл мәселені шешу үшін банктермен қатар мемлекеттік даму институттары да белсенді қатысуы керек. Ол бұл туралы «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Өндірісті қаржыландыру үшін бір ғана банкке сүйенбей, бірнеше банктің қаражатын біріктіріп, синдикатталған несие беру тетігін қолдану қажет. Сонымен қатар, экономиканы және кәсіпкерлікті дамыту институттары да бұл іске қатысуы керек. Мәселен, «Бәйтерек», «Даму» сияқты ұйымдар банктермен бірлесіп жұмыс істесе, өндіріс орындарына несие беру мүмкіндігі артады, - деді Бекнұр Сейітжанұлы.
Сарапшының пікірінше, банктердің өтімді қаражатының бір бөлігі өндірісті қаржыландыруға емес, бағалы қағаздарға бағытталып отыр. Өйткені өнеркәсіп жобаларына инвестиция салу ұзақ мерзімді жоспарлауды, кепілзат пен қосымша шығындарды қажет етеді. Сондықтан қаржы ұйымдары үшін тұтынушылық несие беру әлдеқайда қолайлы.
Кәсіпкерлерді ұзақ мерзімді несиелеудегі тағы бір кедергі – пайыздық мөлшерлеме мен қаржыландыру мерзімінің сәйкес келмеуі. Мәселен, зауыт салу немесе өндірістік нысанды іске қосу бірнеше жылға созылады. Ал қысқа мерзімді несие мұндай жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді.
Өндірісті несиелеудегі басты кедергінің бірі – қаржыландыру мерзімі мен пайыздық мөлшерлеменің сәйкес келмеуі. Тұтынушылық несие қысқа мерзімге беріледі. Ал зауыт салу немесе өндірісті жолға қою үшін кемінде бірнеше жыл қажет. Сондықтан мұндай жобаларға ұзақ мерзімді несие керек. Ол үшін мемлекет тарапынан кепілдік берілгені маңызды, - деді сарапшы.
Экономист өндірістік жобаларға берілетін несие шарттарын қайта қарау қажет деп есептейді. Оның ұсынысы бойынша, мемлекет пен даму институттары кепілдік беруге қатысып, банктерге қосымша қаржы ұсынуы керек. Сондай-ақ осы бағытта арнайы қор немесе жеңілдетілген несие бағдарламасын құру маңызды.
Банк, даму институттары және мемлекет бірлесіп арнайы қор құруы керек деп ойлаймын. Сол қор арқылы кәсіпорындарға ұзақ мерзімді әрі төмен пайызбен несие беруге болады. Өйткені өндірістік жобаларды тек банктің қаржысы есебінен несиелеу қиын. Сондықтан кәсіпкерлерге қолдау көрсететін қосымша тетік қажет, - деді Бекнұр Сейітжанұлы.
Сарапшының сөзінше, осындай тетіктер іске қосылса, кәсіпорындарға ұзақ мерзімді әрі қолжетімді несие беруге жол ашылады. Бұл өндірісті кеңейтіп, кәсіпкерліктің дамуына және экономиканың нақты секторына инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Тегтер #жолдау 2026 #экономика #банктер #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz