RU
Толық нұсқаға өту
фото кадрдан алынды

Банктер бизнеске несие беруге неге ынталы емес – сарапшы түсіндірді

02.11.2026, 16:57 45

Мемлекет басшысы банк жүйесінің негізгі міндеті – бизнесті инвестициялық тұрғыда қаржыландыру екенін атап өтті. Алайда әзірге банктер мен кәсіпкерлердің мүддесі бір арнаға тоғыспай отыр. Қаржы ұйымдары үшін өндіріс орындарына несие беру күрделі әрі шығынды болса, кәсіпкерлер ұсынылып отырған жоғары пайыздық мөлшерлемені тиімсіз санайды. Бұл туралы қаржы саласының сарапшысы Айбар Олжаев «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Банктер ұсынып отырған 16–18 пайыздық мөлшерлеме ірі және орта бизнес үшін өте жоғары. Мұндай шартпен алынған несиені қайтару қиын. Сондықтан кәсіпкерлер қазір банктерден қарыз алғаннан гөрі, облигация шығарып, биржа арқылы қаржы тартуға көбірек мүдделі. Яғни мәселе банктердің несие бермеуінде ғана емес, бизнестің өзі ұсынылып отырған шарттарды тиімсіз көруінде, - деді Айбар Олжаев

Сарапшы банктердің бизнеске несие беруден тартынуының тағы бір себебін тәуекел мен шығынның көптігімен байланыстырады. Өндірістік жобаны қаржыландыру үшін банк кәсіпорынның қаржылық жағдайын, активтері мен жабдықтарын тексеріп, кейін тұрақты мониторинг жүргізуі керек. Ал тұтынушылық несие беру әлдеқайда жеңіл. Бұған қоса, банктер мемлекеттік бағалы қағаздар мен Ұлттық банктің ноталарына да қаржы сала алады. Сарапшының пікірінше, осындай балама табыс көздері бар кезде банктердің бизнеске несие беруге ынтасы төмендейді.

Банктер үшін бизнеске несие беріп, тәуекелге барғаннан гөрі, табыс табудың жеңілірек жолдары бар. Олар облигацияларға, мемлекеттік бағалы қағаздарға және Ұлттық банктің ноталарына қаржы сала алады. Ал тұтынушылық несие беру де оңай: клиентті скоринг арқылы бағалау жеткілікті. Бизнесті қаржыландыру үшін кәсіпорынның жағдайын жеке зерттеп, активтерін тексеріп, тұрақты бақылау қажет, - деді сарапшы.

Айбар Олжаевтың сөзінше, банктерді нақты секторды қаржыландыруға ынталандыру үшін мемлекет нақты экономикалық тетіктерді қарастыруы керек. Мәселен, банктердің қаражатын бағалы қағаздарға орналастыру мүмкіндігін шектеу арқылы оларды бизнесті несиелеуге бағыттауға болады. Сонымен қатар кәсіпкерлерге берілген несие бойынша банктердің салықтық жүктемесін азайту да тиімді шешім болуы ықтимал.

Менің ойымша, мемлекет банктерге бизнеске берген несиеден түсетін табысқа қатысты салықтық жеңілдік қарастыруы керек. Қазір банктер табысынан корпоративтік табыс салығын төлейді. Ал бизнеске несие беруден түсетін кіріске салықтық жеңілдік жасалса, қаржы ұйымдары үшін бұл бағыт тартымды бола түсер еді. Соның нәтижесінде банктер кәсіпорындарды көбірек қаржыландыруға мүдделі болады, - деді Айбар Олжаев.

Сарапшының пікірінше, банк пен бизнес арасындағы қаржыландыру мәселесін шешу үшін екі тараптың да мүддесін ескерген жөн. Мемлекеттік кепілдіктер, ынталандыру шаралары мен салықтық жеңілдіктер өндірістік жобаларға несие беруді қолжетімді етіп, банктердің нақты сектордағы белсенділігін арттыруы мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz