Себебі Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тағы үш жыл мораторий жариялауды ұсынды.
Сондай-ақ ол осы жолы бұған дейін енгізген шектеулердің тиімді тұстары мен олқылықтарын ескеру керегін тапсырды. Алайда жергілікті бюджеттің бүйірін толтырып отырған да осы шағын бизнес өкілдері екенін ұмытпаған жөн. Яғни түсімдерді азайтуға болмайды. Сондықтан Үкімет арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін жолды таңдауы керек, дейді сарапшылар.
Арайлым Алтынбекқызының алғашында хобби ретінде бастаған бизнесі бүгін үлкен наубайханаға айналған. Күніне 7 мың тапсырыс орындайды. Кәсібінің қаз тұрып кетуіне 2020 жылғы мораторий көмектесті дейді өзі.
Арайлым Алтынбекқызы, кәсіпкер:
- 2020 жылдан 2023 жылға дейін еркін жұмыс істедік. Ешқандай тексеру де болған жоқ. Өзіңнің фокусыңды ол жаққа бұрмайсың. Нақты осы бизнестен тапқан қаражатыңды жабдыққа, ғимаратқа, жұмысшыларыңның жалақысына саласың. Ынтасына саласың. Өзіңнің оқуыңа саласың.
Алайда одан кейін жағдай күрделене түскен. Тексеріс артып, салық жүктемесі ауырлаған соң кәсіп жүргізу қиындап кетті дейді. Мұны статистика да растап отыр. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 356 мыңнан аса кәсіпкер қызметін тоқтатқан. Бұл жағдайды Мемлекет басшысы да байқап, биылғы Жолдауда мәселеге назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бизнеске «кедергі келтірмеудің» өзі үлкен көмек екенін іскерлік белсенділікке қатысты жүргізілген талдау анық көрсетіп отыр. Бұл орайда микро және шағын бизнесті тексеруге 2020-2023 жылдарда жарияланған мораторийдің пайдалы тәжірибесіне қайта жүгінуге болады. Бұл тәжірибе өз тиімділігін көрсетті. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізудің қаншалықты орынды екенін талқыға салуды ұсынамын. Бұл ретте бұған дейінгі мораторийдің артықшылықтары мен кемшіліктері түгел ескерілуі керек.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бақылау-қадағалау жүйесін толық өзгерту керегін де тілге тиек етті. Осы орайда аталған қадам реттеудің цифрлық моделіне көшуге арналған стратегиялық үзіліс болмақ. Сарапшылар да қазіргі жүйенің кінараты көп деген пікірде.
Сәкен Қарин, Қазақстан салық кеңесшілері қауымдастығының басқарма төрағасы:
- Қысқаша айтсақ, кәсіпкерлер ештеңеге алаңдамай, бизнесін дамытуға мүмкіндік алады. Дегенмен, санитарлы-эпидемилогиялық және қауіпсіздікке қатысты нысандарды бақылауды тоқтатуға болмайды. Меніңше, мемлекет бұл салаларды қадағалай бергені дұрыс. Ал Президент жоспардан тыс тексерістердің көбейіп кеткеніне назар аударды. Бұған не себеп? Менің ойымша, бұл тексеруге тиіс салық төлеушілерді дұрыс таңдай алмаудан. Осы мехнизмді реттеу керек.
Өз кезегінде Ұлттық экономика бірінші вице-министрі осы сындардан қорытынды шығарып, келесі өзгерістерді көпшілікпен келісіп енгіземіз деді.
Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:
- Құрылтай депутаттарымен 2027жылдың бірінші қаңтарынан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады. Халықтық цифрлық экономиканы құру шеңберінде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары маркетплейстерді, банктерді және логистиканы қоса алғанда цифрлық сервистердің мүмкіндіктерін біріктіретін болады. Сондай-ақ сыни экономикалық тәуелділіктерді басқаруда және сценарийлік талдауларды әзірлеуде жасанды интеллектті заманауи технологиялар қолданылатын болады.
Дегенмен, тексерістің саны көбейгенімен, кәсіпкерлердің шалыс басуы 34 пайыз қысқарған. Яғни азаматтарымыз заң бұзушылыққа баруды азайтты. Бұл елде кәсібін адал жүргізу мәдениеті қалыптасып келеді деген сөз.
Бекжан Айтқұлов, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Алдағы уақытта біз оны шектеу қоятын болсақ, сэс, өрт сөндіру, салық органдары айтуы мүмкін, біз тексере алмай қаламыз. Бірақ ол ертеңгі күні кері әсерін тигізуі мүмкін деп. Бірақ мен ойлаймын, өз ісіне адал, жауапты кәсіпорындар ол органдар тексермей тұрып та оны болдырмау үшін жұмыс жасайды деп есептеймін.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Сондай-ақ сарапшылар қолданыстағы салық кодексіне өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Себебі қазір қия басқан кәсіпкер қатаң жазаланып, бизнесінен баз кешіп жатыр дейді олар. Сондықтан сотқа сүйремей тұрып қателікті түзетуге мүмкіндік беруді сұрайды.
Авторы Серік Селеубайұлы
Тегтер #кәсіпкер #бизнес #жолдау 2026 #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz