RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

Alatau City-ді дамыту бойынша 1,3 млрд долларлық 9 келісімге қол қойылды

03.11.2026, 10:03 48

Лондонда Alatau City қаласын дамытуға бағытталған жалпы инвестициялық әлеуеті 1,3 миллиард доллар болатын 9 келісімге қол қойылды, деп хабарлайды «24KZ».

Инвестициялық дөңгелек үстелге JPMorgan Chase, AstraZeneca, BP және Brookfield Asset Management компанияларын қоса алғанда, 70-тен астам компания, инвестициялық қор, банк және сараптамалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиында қаланың даму тұжырымдамасы, инфрақұрылымдық жобалары және шетелдік капитал тарту мүмкіндіктері таныстырылды.

Роуд-шоуды әлемдегі жетекші қаржы және құқық орталықтарының бірі – Лондонда бастауымыз кездейсоқ емес. Ұлыбритания – біздің стратегиялық серіктесіміз. Alatau City – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ұлттық жоба. Біз Еуропа мен Азия арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың маңызды буынына айналуға тиіс бизнес, қаржы, технология және логистика салаларының жаңа орталығын құрып жатырмыз, - деді Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Келісімдер инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды қаржыландыру, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын дамыту, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, University of Exeter, Brighton College және Repton Group компанияларымен білім беру ұйымдарын ашу жобалары пысықталады. Ал AstraZeneca және Crescent Meditours компанияларымен медициналық инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және ғылыми тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылған.

Дөңгелек үстелде қаланың арнайы құқықтық режимі де таныстырылды. 2026 жылғы 8 мамырдағы Конституциялық заңда көзделген бұл режим инвестицияларды қорғау тетіктерін жетілдіруді, ағылшын құқығы қағидаттарын қолдану мүмкіндігін және болжамды іскерлік орта қалыптастыруды қарастырады. Сонымен қатар халықаралық заңгерлік компаниялардың қатысуымен инвестициялық сот құру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен халықаралық төрелік мәселелері талқыланды.

Қазіргі уақытта Alatau City-дің инвестициялық портфелінде жалпы құны шамамен 6,9 миллиард доллар болатын 67 жоба бар. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Бұдан бөлек, энергиямен, сумен және газбен жабдықтау, кәріз желілері мен автомобиль жолдарын дамытуға арналған 28 инфрақұрылымдық жоба қолға алынған. Бұл мақсатқа 35,3 миллиард теңге бөлінген.

Лондонда басталған инвестициялық роуд-шоу аясында Ұлыбританияның мемлекеттік органдары және қаржы институттарымен келіссөздер жалғасады. Еуропалық таныстырылымның келесі кезеңі Германияда өтеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz