2029 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Қазір Инфрақұрылымды дамыту қоры аясында жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 262 жоба мақұлданды. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Оның айтуынша, инфрақұрылымдық жобалар Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмалары аясында жүзеге асырылады. Президент 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялаған болатын. Бөлінетін қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басып отыр. Өздеріңізге мәлім, еліміз ауқымды саяси реформаларды табысты жүзеге асырды. Оның аясында халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған аса маңызды бастамалар қолға алынды. Мемлекет басшымыз халыққа Жолдауында экономикамыздың орнықты дамуы мен елдің тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға тікелей ықпал ететін маңызды мақсат-міндеттерді айқындап берді.
Осы орайда Президентіміз 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірлерінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады. Бұл жұмыстар басталып та кетті. Құрылған Инфрақұрылымды дамыту қоры аясында жалпы сомасы 1,5 трлн теңгені құрайтын 262 жоба мақұлданды. Бірінші кезекте қомақты қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталуда, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жобалар бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда:
· Денсаулық сақтау саласында жалпы құны 344 млрд теңге болатын 41 жоба жүзеге асырылады. Қаражатқа ауруханалар, емханалар, перинаталдық орталықтар мен перзентханалар салынады.
· Мәдениет, туризм және спорт салаларына 266 млрд теңге бағытталып, 23 нысанның құрылысы қолға алынады. Олардың қатарында спорт кешендері, мәдениет сарайлары мен театрлар бар.
· Білім беру саласында мектептер мен көпфункционалды кешендерді қамтитын 101 млрд теңгелік 28 жоба іске асырылады.
· Көлік инфрақұрылымын дамытуға 369 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржыға автомобиль жолдары мен көпірлер салынып, күре жолдар жаңғыртылады. Жалпы 48 жоба жүзеге асады.
· Сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне 284 млрд теңге бөлініп, 55 нысан қамтылады. Оның ішінде магистральдық су құбырлары, тазарту құрылыстары, қорғаныс және су бөгеттері бар.
· Жылумен және газбен жабдықтау жүйелерін дамытуға 136 млрд теңге бағытталып, 67 жоба іске асырылады.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру басталғанын және Үкімет олардың орындалуын бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #инфрақұрлым #халықтық құрылыс #қаржы #жолдау 2026Бұл қағаз бетіндегі ғана жоспар емес. Осы 122 жобаны жүзеге асыруға қазірдің өзінде нақты 497 млрд теңге қаржы бөлінді. Инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталатын 6,5 трлн теңгенің барлығы Үкіметтің қатаң бақылауында болатынын ерекше атап өткім келеді, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz