Қазақстан биыл 24,3 млн тонна астық жинады. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Биыл өнім көлемі ғана емес, бидай сапасы да жоғары болды. Сонымен қатар отандық астық экспорты тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық деңгейге жетті. Бұл туралы 24KZ телеарнасының «Қаржы нарығы» бағдарламасында айтылды.
Қазақстан Астық одағының мәліметінше, биыл егіс алқаптарын әртараптандыруға басымдық берілген. Әсіресе табыстылығы жоғары майлы дақылдардың егіс көлемі ұлғайған.
Мұндай нәтижеге ең алдымен егіс алқаптарын әртараптандырудың арқасында қол жеткіздік. Әсіресе дәстүрлі дәнді дақылдардан табысы жоғары майлы дақылдарға басымдық берілді. Олардың егіс көлемі 41 пайызға артты, соған сай өнім көлемі де айтарлықтай өсті, – деді Қазақстан Астық одағының аналитика комитетінің жетекшісі Евгений Карабанов.
Ауа райы мол өнім алуға аса қолайлы болмағанымен, биыл жиналған бидайдың сапасы жоғары. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағалауынша, өнімнің 75%-ы азық-түліктік бидай санатына жатады. Ал оның жартысынан астамында желімтік мөлшері 25-26%-дан асады. Бұл – бидайдың нан пісіруге жарамдылығын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі.
Шынын айту керек, ауа райы мол өнім алуға аса қолайлы болған жоқ. Дегенмен биыл дәннің, әсіресе бидайдың сапасы өте жоғары. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағалауынша, жиналған өнімнің 75 пайызы азық-түліктік бидайға жатады, ал оның 50 пайыздан астамында желімтік мөлшері 25-26 пайыздан асады. Бұл – бидайдың нан пісірудегі негізгі құндылығын білдіретін басты көрсеткіш. Сондықтан оған ішкі нарықта да, сыртта да сұраныс жоғары. Сапасына қатысты алаңдауға негіз жоқ, – деді Евгений Карабанов.
Қазақстан астығының негізгі тұтынушылары – Орталық Азия елдері. Экспорттың үштен екісінен астамы осы өңірге бағытталады. Соңғы деректер бойынша, Өзбекстанға бидай жеткізу көлемі 41%-ға, Әзербайжанға 3,4 есеге, Қырғызстанға 2,5 еседен астам өскен. Ауғанстан мен Иран да отандық астықтың маңызды нарықтарына жатады.
Алайда экспортты ұлғайтуға логистикалық қиындықтар кедергі келтіріп отыр. Әсіресе Балтық порттарындағы жүк кептелісі қазақстандық астықты тасымалдауды қиындатқан.
Бұған дейін экспорт негізінен Қара теңіз бен Балтық порттары арқылы жүзеге асатын. Қазір көлік бағыттарының Балтық теңізі порттарына ауысуы белгілі бір қиындықтар туғызып отыр. Ресей астық ағынын Қара теңізден Балтыққа қарай бұрғандықтан, бұл бағытта логистикалық тығырық пайда болды. Вагондар мен жүк кептелісі салдарынан қазақстандық өнімге орын тимей жатыр, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, Беларусь, Литва және Грузия арқылы өтетін балама бағыттар 20-30%-ға қымбатқа түседі. Сондықтан экспорттық тасымал жолдарын әртараптандыру маңызды.
Соған қарамастан, Қазақстан соңғы екі маркетингтік жылда астық баламасында 15,5 млн және 16 млн тонна бидай мен ұн экспорттаған. Салалық министрлік бұл көрсеткіштерді тәуелсіздік жылдарындағы рекорд деп бағалады.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #астық жинау #рекордтық көрсеткіш #егіс алқабыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz