Мемлекеттік басқаруды цифрландырудың басты мақсаты – азаматтардың өмірін жеңілдету. Президент Жолдауында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген басқару жүйесін қалыптастыру міндеті қойылды. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығы мен жаңа технологияларды тиімді қолдана білуі маңызды. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Цифрландыру және инновациялар институты директорының орынбасары Саида Сәдуақасова «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Спикердің пікірінше, цифрлық мемлекеттік басқарудың нәтижесі азаматтардың күнделікті өмірінен көрінуі керек. Яғни, өтініштерге уақытылы жауап беріліп, мемлекеттік органдарға жүгіну қажеттілігі азаюға тиіс.
Цифрлық мемлекеттік басқарудың нәтижесін азаматтар қарапайым өмірде, күнделікті көруі тиіс. Яғни, берілген өтініштердің саны қысқарып, қарастырылатын мәселелер уақытылы қарастырылып және де мемлекеттік органдардың есігін жиі қағу міндеті тоқтатылуы тиіс, - деді Саида Сәдуақасова.
Бұл үшін мемлекеттік қызметшілер тек компьютер мен электрондық құжат айналымын меңгеріп қана қоймай, цифрлық технологияларды жұмыс барысында тиімді қолдана білуі қажет. Осы мақсатта Мемлекеттік басқару академиясының жанынан Цифрландыру және инновациялар институты құрылды. Мұнда мемлекеттік секторға қажетті жаңа буын мамандары даярланып жатыр.
Институтта магистратураның «Цифрлық мемлекеттік басқару» және «Мемлекеттік сектордағы жасанды интеллект және цифрлық аналитика» бағдарламалары, сондай-ақ докторантура бағыты бойынша білім беріледі. Оқу барысында бизнес-процестерді оңтайландыру, деректерді талдау және жасанды интеллект құралдарын пайдалану дағдыларына басымдық беріледі.
Оқу бағдарламаларының ерекшелігі – білім алушылар өз салаларындағы нақты мәселелерді зерттейді. Ветеринария, салық, ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау салаларының өкілдері мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған жобалар әзірлеп жатыр, - деді Саида Сәдуақасова.
Сонымен қатар, жасанды интеллектіні қолдану кезінде азаматтардың дербес деректерін қорғау мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмайды. Бағдарламаларда цифрлық құқық пен киберқауіпсіздік пәндері қамтылған.
Саида Сәдуақасованың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік қызметшінің жұмысын жеңілдетіп, уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда технология дамыған сайын адамның жауапкершілігі де арта түседі. Жасанды интеллект ұсынған ақпаратты тексеріп, оны орынды пайдалану маңызды.
Тегтер #жолдау 2026 #Мемлекеттік басқару #ЖИ #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz