RU
Толық нұсқаға өту

Жолдау-2026: «Халықтық құрылыс» қарқын алады

05.11.2026, 13:10 50

Келер жылы елде «Жалпыхалықтық құрылыс» басталады. 2029 жылдың аяғына дейін бұл мақсатқа 6,5 триллион теңге бағытталмақ. Ауқымды бастама аясында елдегі инфрақұрылым жаңарып, жолдар жөнделеді. Республика аумағында жаңғыртылатын нысандар тізімі жасақталып жатыр.

Өңірлердегі тұрғындар қарқынды құрылысты қуана күтіп отыр. Бұл біраз жылдан бері шешімін таппай жүрген мәселелерді реттеуге түрткі болады деп сенеді. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында көпірлерді қалыпқа келтіру көзделген. 

Келер жылы елде ауқымды құрылыс жарияланды. Президент республикалық және жергілікті жолдардардың сапасын арттыруды тапсырды. Демек құрылыс қарқыны көлік жолдарының басым бөлігін, соның ішінде көпірлерді де қамтиды. Батыс Қазақстан тұрғындары үшін бұл бастаманың орны бөлек.

Шыңғырлау ауданы Ақтау елді мекеніне кіреберістегі көпір жетпісінші жылдары салынған. Ауылды алпыс шақырым жердегі аудан орталығымен байланыстыратын жалғыз өткел осы. Оның өзі апатты жағдайда тұр. 60 метрлік құрылым жарты ғасыр бұрын қарапайым тәсілмен тұрғызылған. Қадалардың орнына уақытша тірек қойылып, саз балшық пен бетонмен бекітілген. Елді мекен Жайықтың сол жағында Шыңғырлау өзенінің жағасында орналасқан.

Кенжетай Нейізбаев, ауыл тұрғыны:

- Екі жыл болды айқайлап келе жатқанымызға. Кісілер қанша қайтыс болды. Наурыздың ортасынан бастап, су тасығаннан бастап, мына мамырдың ортасы  шамасына дейін өткел болмайды. Бұнан тек қайықпен өтеміз. Қайықпен талай кісілер суға түсіп кетіп, ауру болды. Қайтыс болды. Мына Үкіметтен сұрайтынымыз, Президенттен Тоқаевтан сұрайтынымыз, осы көпірді бір жағдайға келтіріп, жақсы көпір салып берсе, біздерге деген қатынас болар еді.

Жарты ғасыр бұрын салынған көпір кәсіпкерлерге де кедергі болып тұр. Тозығы жеткен нысан ауыр жүк көліктерін көтере алмайды. Жергілікті кәсіпкер Тыныш Иманғалиевтің айтуынша, елді мекен айналасында 27 шаруа қожалығы бар. Соның бәрі сапалы көпірге мұқтаж.

Тыныш Иманғалиев, кәсіпкер:

- Осы ауылда біздің нағыз қажетіміз – осы көпір. Кәсіпкер болған соң, арғы бетке малымыз шығады. Жұрт өте алмайды. Кәсіподақтарға, енді ауыл тұрғындарына уақытымен тамақ, азық-түлік жетілмейді, ол – екі. Үшіншіден, мына ауруханаға бару керек. Көпірден өте алмаймыз. Алып келген зат, тауарларды арғы бетке қоямыз.

Мәселені шешу үшін шамамен 2,5 миллиард теңге қажет. Жергілікті әкімдік есептеп, ұзындығы 133 метр жаңа көпір құрылысының жобасы әзірленді.

Мейіржан Нұртазиев, Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда аталған көпір апаттық жағдайда тұр. Су тасқыны кезінде аталған көпірдің үстінен су жайылып, Ақтау елді мекені аудан орталығынан тыс, қатынассыз қалады. Одан басқа Ақтау елді мекенінде үш елді мекен бар: Марксизм, Ардақ, Ақтаудың өзі. 700-ге жуық адам тұрады. Тұрғындардың сұранысына сәйкес бұл көпірді жөндеуге сметалық құжаттар жасақталды. Бюджеттік өтінім республикалық бюджетке жолданған болатын.

Көпірлерді күтіп ұстау бойынша бірыңғай бағдарлама әзірлеу ұсынылды

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысындағы барлық көпірдің 86 пайызы сын көтермейді. Десе де, қауіпті нысандары бар өңірлердің тізімінде бұл облыс тек төртінші орында. Қызылорда, Түркістан облыстары мен Ұлытауда жағдай тіпті күрделі. Жалпы ел бойынша 142 көпір апатты жағдайда тұр. Тағы 420 көпірдің жағдайы көңіл көншітпейді. Олардың көбі 50 жылдары салынған. Бұл туралы Құрылтай отырысында депутаттар мәлімдеді.

Тұрарбек Тілемісов, ҚР Құрылтайының депутаты:

- Елдегі барлық көпірдің, көпір шаруашылығының 59 пайызына ешкім қызмет көрсетпейді. Ешқандай қаржы бөлінбейді. Сондықтан қазір Үкіметке 2027 жылдан 2031 жылға дейін көпірлерді ұстау бойынша бірыңғай бағдарлама әзірлеуді ұсындық. Барлық көпірлерді түгендеп, паспорттау  және оларды күтіп ұстау мен пайдалануға қаражат бөлу мәселесін көтердік.

Көлік министрлігі жағдайдан хабардар. Айтуларынша, көпірлерді тексеру кестеге сай жүргізіліп жатыр. Ведомство мамандары осы айда өңірлерге тексеріспен шығуды жоспарлап отыр.

Мадияр Абдуәлі, ҚР КМ Автомобиль жолдары комитеті жергілікті желіні дамыту басқармасының басшысы:

- «ҚазАвтожол» жергілікті атқарушы органдармен бірге жыл сайын көктемгі-күзгі тексеруге шығады. Сол жерде көпірлердегі ақаулар бірден анықталады. Егер инструментальды зерттеу қажет болса, ол да жасалады. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында 2029 жылға қарай жергілікті жолдар мен көпір құрылыстарын қоса алғанда, 95 пайызын қалыпқа келтіру көзделген. Бұл жалпы Қазақстан бойынша жоспар және оған БҚО да кіреді. Сонымен қатар БҚО-да 2029 жылға дейін жолдар мен көпір құрылымының 85 пайызын жөндеуді жоспарлап отырмыз.

Батыс Қазақстан облысының тұрғындары олардың шағын көпірлері жаңғыртылатын инфрақұрылым қатарынан табылады деген үмітте.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Сания Бақытжамал

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz