RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында электр желілеріне 113 млрд теңге бөлінеді

06.11.2026, 07:10 51

Түркістан облысындағы электр желілері мен жабдықтары 57%-ға тозып тұр. Алдағы үш жылда осы ескірген желілер жаңартылады. 113 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Ауқымды құрылыс Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба» аясында атқарылады.

Өңірдегі электр желілері мен жабдықтарының жартысынан астамы тозған. Бұл мәселені шешуде былтыр пилоттық жоба аясында 90 шақырымға жуық әуе электр желісі ауыстырылды. Құрылысқа қазынадан 1,5 миллиард теңге бағытталды. Түркістан тұрғындарының айтуынша, қазір электр қуатымен қамту жайы айтарлықтай жақсарған.

Айнұр Жүсіпбай, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Трансформатор ауысқалы бері жарығымыз бұрынғыдай емес, жақсы, қарқынды. Бұрынғыдай жарық өшпейді. Облыс болғалы бері барлық жағдайымыз шешіліп келе жатыр. Жайлап-жайлап көтеріліп келе жатыр.

Түркістан облысында 5 жылда 782 шақырым электр желісін жаңғырту жоспарланған. Сондай-ақ 7 ірі қосалқы станция салу, тағы 425 трансформаторды қайта құру көзделген. Жаңа қосалқы станциялар Сайрам, Сарыағаш және Отырар аудандарында бой көтереді.

Нұрмұхамед Қарабеков, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС бас директорының орынбасары

- 2025 жылы елімізде алғаш болып бір ірі жобаны, пилоттық жобаны іске асырдық. Ол Түркістан облысының аудан-қалаларында 89,7 км әуе желісі жаңартылды. Жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар 2026 жылы 10 млрд 32 млн теңгені құрайтын ірі жоба МЭКС платформасына енгізіліп, қазіргі таңда жеңімпаз анықталып,  EPC-контракт бойынша мердігер мекемеден жоба-сметалық құжатар әзірленуде. 

Жаңғырту жұмыстары өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын да қамтиды. Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңартуға қатысты 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазір 10 жобаның мердігері мәлім, қалған 2 жоба бойынша жеңімпаз енді анықталады.

Шыңғыс Пірәлі, Түркістан облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Коммуналдық секторды жаңғыртуға 2025-29 жылдарға 42,9 млрд теңге қаралған. Оның 5,1 млрд теңгені құрайтын 10 жобасы 26 жылдан басталды. Қазіргі таңда бұл жобалар МЭКС электронды платформасына  жүктеліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде өңірдегі электр желілері мен жабдықтарының тозу деңгейі 57 пайыздан 52 пайызға дейін төмендейді. Өз кезегінде бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға әсер етпек.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz