Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда тізбегіндегі тиімсіз делдалдарды анықтау және қысқарту көзделіп отыр. Осы мақсатта «Жалпы қызметтер және сауда қызметтері. Жалпы талаптар» ұлттық стандартының жаңа редакциясы енгізілді. Құжат өндірушіден тұтынушыға дейінгі жеткізу тізбегін айқындап, адал бәсекелестікті дамытуға және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған.
Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті Бақылау басқармасының сарапшысы Әбілқайыр Сейілхан «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Сарапшының пікірінше, жаңа стандарт көтерме жеткізуші мен тиімсіз делдалдың ара-жігін ажыратады. Көтерме жеткізуші тауарды тасымалдау, сақтау, импорттау немесе сұрыптау сияқты нақты қызметтер атқарып, шығындарын құжатпен дәлелдеуі керек. Ал тиімсіз делдал тауардың құнын немесе сипатын өзгертпей, ешқандай қосымша функция атқармай, тек үстеме баға қосып қайта сатады. Делдалдардың артық буындары өнімнің соңғы бағасына тікелей әсер етеді.
Мысалы, өндіруші тауарын 1000 теңгеге сатса, тасымалдаушы оны басқа өңірге жеткізіп, 1150 теңгеге өткізуі мүмкін. Одан кейін көтерме жеткізуші бөлшек саудаға 1300 теңгеге сатады. Бұл – нақты қызметтерге негізделген қалыпты сауда тізбегі. Ал арада ешқандай қосымша жұмыс атқармайтын делдал болса, тауардың бағасы 1400 теңгеге дейін өсуі ықтимал, - деді Әбілқайыр Сейілхан.
Сарапшының айтуынша, тиімсіз делдал тізбекке қосылған кезде тауарды бір субъектіден екіншісі сатып алып, ешқандай қосымша функция атқармайды. Тек үстеме баға қосып, ары қарай сатады. Соның салдарынан өнімнің тұтынушыға жететін соңғы бағасы негізсіз қымбаттауы мүмкін.
Жаңа талаптардың сақталуын өңірлердегі арнайы комиссиялар қадағалайды. Олар әкім орынбасарларының төрағалығымен жұмыс істеп, өндірушіден бастап тұтынушыға дейінгі сауда тізбегін зерделейді. Тексеру барысында тиімсіз делдалдар анықталып, сауда субъектілеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ бөлшек және көтерме сауда өкілдерін тауарды тікелей өндірушілер мен импорттаушылардан алуға ынталандыру көзделген.
Әр субъект өз атқарған жұмысының шығындарын ресми құжаттармен дәлелдеуі керек. Өңірлік комиссиялар өндірушіден тұтынушыға дейінгі бүкіл сауда тізбегін қарастырып, тиімсіз делдалдарды анықтайды. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сауда субъектілерін тауарды тікелей өндірушілер мен импорттаушылардан алуға бағыттаймыз, - деді Әбілқайыр Сейілхан.
Жаңа стандарттың басты мақсаты – сауда тізбегін ашық ету, артық делдалдарды қысқарту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ықпал ету.
Тегтер #экономика #делдалдар #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz