Қазақстанның аграрлық саласы сыртқы нарықтарда бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, еліміздің астық пен ұн экспорты 16 миллион тоннаға жетті және бұл соңғы 10–20 жылдағы ең жоғары меже. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Сыртқы сауда басқармасының басшысы Саят Қамзин мәлімдеді «24KZ» арнасына берген сұхабтында мәлімдеді.
Министрлік дерегінше, биылғы егін жинау науқаны аяқталып, алдын ала есеппен 24,5 миллион тонна астық бастырылды, оның 16,6 миллион тоннасы – бидай. Сыртқы сауда көрсеткіштері жыл санап артып келеді, атап айтқанда 2024–2025 маркетингтік жылы экспорт 15,3 миллион тоннаға жақындаса, кеше ғана аяқталған 2025–2026 жылы 16 миллион тоннаға жетіп, 2011 жылғы 11–12 миллион тонна көрсеткішінен айтарлықтай асып түсті. Бұл отандық өнімге сыртқы нарықтарда сұраныстың өте жоғары екенін көрсетеді.
Мемлекеттік қолдаудың, атап айтқанда көліктік шығындарды субсидиялау бағдарламасының арқасында қазақстандық астық тек көршілес Орталық Азия елдеріне ғана емес, алыс шетелдерге де жеткізілуде. Мәселен, өткен жылы отандық астық Солтүстік Африка елдеріне жөнелтіліп, Алжир мен Египетке 300 мың тоннадан астам астық жеткізілді, ал қазіргі уақытта Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Израиль нарығына экспорттау мәселесін пысықтап жатыр.
Шикізатты ғана емес, дайын өнімді сыртқа шығаруға бағытталған стратегия аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы экспорты 7 миллиард АҚШ долларына жуықтады, оның 54 пайызын қайта өңделген өнімдер – ұн, мал және сүт өнімдері, балмұздақ, сондай-ақ АҚШ-қа дейін жеткізілетін клейковина (глютен) құрайды.
Сонымен қатар әртараптандыру саясатының нәтижесінде майлы дақылдар көлемі ұлғайып, Қазақстан күнбағыс майын өндіру мен экспорттау бойынша әлемде 7-орынға көтеріліп, үздік ондыққа енді, сондай-ақ зығыр тұқымы мен рапс майы экспорты да қарқынды дамуда.
Егін шығымын арттыру мақсатында шаруаларға жеңілдетілген кредиттер беріліп, сапалы тұқым мен тыңайтқыштарды қолдануға басымдық берілуде. Биылғы жылы 182 жаңа сұрып қолданысқа енгізіліп, соның 45-і отандық селекцияның өнімі болды. Орташа өнімділік гектарына 15,6 центнерді құрағанымен, Бараев атындағы орталық тәрізді жекелеген озық шаруашылықтар бұл көрсеткішті 27–30 центнерге дейін жеткізіп отыр, ал мемлекеттік қолдау мен жаңа агротехнологиялардың арқасында бұл межені жалпы республика бойынша біртіндеп арттыру көзделген.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #экспорт #ҚР АШМPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz