RU
Толық нұсқаға өту
Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Халықтық құрылыс: нысандар саны неге басты көрсеткіш емес?

06.11.2026, 12:16 38

Қазақстанда ауқымды құрылыс жобаларының нәтижесі енді салынған нысандар санымен ғана бағаланбайды. Басты назар отандық өндірісті дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға және инвестицияның экономикалық қайтарымын арттыруға аударылады. Бұл туралы «Қазақстандағы халықтық құрылыс: ауқымы мен даму көкжиегі» атты талдамалық баяндамада айтылған, деп хабарлайды «24KZ».

 Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты QazIndustry және Қазақстан тұрғын үй компаниясымен бірлесіп әзірлеген зерттеуде Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған «Халықтық құрылыс» бастамасының экономикалық әлеуеті, құрылыс саласының даму нәтижелері мен инфрақұрылымдық жобалардың ел экономикасына ықпалы талданған.

 Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан құрылыс көлемін қарқынды ұлғайту кезеңінен жобалардың сапасы мен экономикалық тиімділігіне басымдық беретін жаңа кезеңге өтіп жатыр. Ендігі міндет – құрылысқа бағытталған инвестициялардың ел экономикасына ұзақ мерзімді пайда әкелуін қамтамасыз ету.

 Зерттеу деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 10,85 трлн теңгеге жетіп, 17,5%-ке өсті. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында нақты өсім 15,2%-ті құрады.

 Соңғы жеті жылда елімізде 118,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ 36,3 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделді. Бұдан бөлек, 5 мың шақырым теміржол желісі салынып, жаңғыртылды.

 Әлеуметтік инфрақұрылым да кеңейді. Осы кезеңде 1301 мектеп, 1259 медициналық мекеме, 536 спорт және 312 мәдениет нысаны ашылды. Сонымен қатар 66,1 мың орынға арналған 267 студенттік жатақхана пайдалануға берілді.

 Құрылыс саласындағы инвестициялар өнеркәсіптің дамуына да серпін берген. Жеті жыл ішінде елде 625 орта және ірі кәсіпорын ашылып, 61,3 мың жұмыс орны құрылды. Тек 2025 жылы жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 173 индустриялық жоба іске асырылып, 22 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды.

 «Халықтық құрылыс» бастамасының маңызды бағыттарының бірі – коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту. 2025–2029 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында шамамен 84 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу және жаңарту көзделген. Былтыр 6,6 мың шақырым желі жөнделсе, биыл 12 мың шақырымын жаңарту жоспарланған.

 Отандық құрылыс материалдары өндірісінде де өсім байқалады. 2025 жылы өндіріс көлемі 1,73 трлн теңгеге жетіп, ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесі 71,3%-ті құрады.

 Дегенмен сарапшылар саланың одан әрі дамуы үшін еңбек өнімділігін арттыру, білікті мамандар даярлау және отандық өндірістің әлеуетін күшейту қажет екенін атап өтеді.

 Зерттеу авторларының пайымынша, «Халықтық құрылыс» бастамасының келесі кезеңіндегі басты міндет – құрылысқа бағытталған инвестициялардың экономикалық қайтарымын арттыру және ел ішінде қалатын қосылған құн үлесін ұлғайту. Бұл құрылыс саласын Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді өсу факторына айналдыруға мүмкіндік береді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz