RU
Толық нұсқаға өту
@qazavtojol

Жүк тасымалы 3 күнге қысқарады: Арал-Каспий жолы құрылысы басталды

06.11.2026, 16:12 37

Қазақстанда соңғы 30 жылда алғаш рет салынып жатқан «Арал-Каспий» күре жолы Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1000 шақырымға қысқартып, жүк тасымалы уақытын 3 күнге үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы «Қазавтожол» ҰК табыстар жөніндегі басқарушы директоры Сағи Садықұлы «24KZ» арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Елімізді Еуразиядағы ірі көлік-логистикалық орталыққа айналдыру мақсатында қолға алынған бұл стратегиялық жобаның ұзындығы шамамен 800 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып кетті, ал көлік қатынасын 2028 жылдың аяғына дейін ашу жоспарланып отыр. Жаңа бағыт еліміздің батыс, оңтүстік және орталық өңірлерінің өзара байланысын айтарлықтай жақсартады.

Қазіргі таңда бізде бірнеше кезеңмен шешілетін мәселелер бар. Солардың бірі, яғни транзиттік дәліздерді біз жаңарту керекпіз. Және де, сонымен қатар, мынау автомобиль өткізу пункттері бар, біздің шекарада орналасқан, солардың өткізуін жаңағыдай ұлғайту керекпіз. Және сонымен қатар заманға сай және болашақтағы жүк көліктері және транзиттік көліктерге сай келетін жол салып беру керекпіз. Әрине, сол жұмыстардың атқарылу барысында сапаға аса маңызды көңіл бөлінеді. Президентіміз айтқандай, жол сапалы болу керек. Осы мәселелер шешілсе, біздің транзиттік әлеуетіміз жылдан жылға ұлғаяды, -деді Сағи Садықұлы. 

Сала өкілінің айтуынша, қазіргі жол инфрақұрылымына түсетін жүктеме күрт артып отыр. Нормативтік құжаттар бойынша жыл сайынғы өсім 4–6 пайызды құрауы тиіс болса, ақылы жол учаскелеріндегі камералар мен деректерге сәйкес, нақты өсім қазірдің өзінде 18–20 пайызға жеткен. Осыған байланысты ауыр жүк көліктерінің ағынына шыдас беретін жолдарды шұғыл түрде жаңартып, жүру жолақтарын кеңейту және шекарадағы автомобиль өткізу пункттерінің қуаттылығын арттыру басты міндет болып табылады.

Жол сапасын бақылау және мердігерлердің жауапкершілігін күшейту мақсатында Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен арнайы реформалау комиссиясы құрылды. Комиссия жұмысы барысында республикалық және жергілікті жолдар арасындағы келісімшарттық шарттар мен қаржыландыру тетіктеріндегі айырмашылықтар анықталды.

Сондай-ақ соңғы 10 жылда жобалау нормативтері жаңармағаны белгілі болды. Бұрынғы нормалар ЗИЛ, ГАЗ-53 немесе Икарус автобустарына есептелсе, бүгінде ол жолдармен Volvo, DAF, Shacman, Sinotruk сияқты ауыр жүк көліктері қатынауда. Осы олқылықтарды жою үшін халықаралық тәжірибеге сәйкес DBM (Design, Build and Maintain) форматы енгізілуде. Бұл жүйе бойынша мердігер жобаны өзі жасап, құрылысты жүргізеді және объектіні 7 жылдан 20 жылға дейін күтіп ұстап, оның сапасына тікелей жауап береді.

Сонымен қатар, алдағы жылы маңызды бағыттардың бірі – Көкшетау – Петропавл тас жолын 2 жолақтан 4 жолаққа кеңейту жұмыстары басталады. Бұл жоба солтүстік өңірдің орталық және оңтүстік облыстармен байланысын арттырып қана қоймай, Қытайдан Ресей мен Еуропаға шығатын негізгі дәліздердің әлеуетін еселей түспек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz