RU
Толық нұсқаға өту

Түркі мемлекеттері ұйымы: Қазақстан үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер

09.11.2026, 10:10 55

Қазақстан Қытай мен Еуропаны байланыстыратын көлік-логистикалық бағытты дамытумен қатар, Солтүстік–Оңтүстік дәлізін жетілдіруге де басымдық беріп отыр. Бұл ретте Түркі мемлекеттері ұйымының экономикалық және көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану маңызды. Экономист-сарапшы Ләззат Нұрғалиқызының пікірінше, ұйым аясындағы ынтымақтастықты мәдени және тарихи жақындықпен ғана шектемей, нақты экономикалық жобалармен толықтыру қажет. Экономист бұл туралы «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Сарапшының айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымы әскери-саяси бірлестік емес, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған платформа. Сондықтан Қазақстан үшін ұйымның негізгі міндеті – ортақ мүмкіндіктерді пайдаланып, стратегиялық жобаларды іс жүзінде жүзеге асыру.

Бұл жерде әскери бірігу туралы сөз болып отырған жоқ. Негізгі мақсат – нақты экономикалық жобаларды іске асыру. Соның ішінде инвестициялық ынтымақтастықты дамытып, алдағы 2027–2031 жылдарға арналған инвестициялық қордың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды, – деді Ләззат Нұрғалиқызы.

Оның пікірінше, Қазақстан үшін ұйым аясындағы басым бағыттардың бірі – Орта дәліздің әлеуетін арттыру. Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыру елдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, экономикаға қосымша табыс әкелуге мүмкіндік береді. Бұл үшін көлік инфрақұрылымын жетілдірумен қатар, кедендік рәсімдерді оңтайландыру және мемлекеттер арасындағы сауда айналымын жеңілдету қажет.

2026 жылы түркі мемлекеттері арасындағы қаржы байланысының көлемі 40 миллиард долларға жеткен. Ал көлік-логистика саласындағы өзара байланыс та айтарлықтай дамып келеді. Автокөлік жолдары арқылы 6,5 миллион тонна, теңіз жолдары арқылы 40 миллион тоннаға дейін жүк тасымалданған, - деді Ләззат Нұрғалиқызы.

Дегенмен, экономист бұл көрсеткіштерге қарамастан, ұйым елдерінің экономикалық әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын атап өтті. Қазіргі сауда қатынастарында шикізат пен азық-түлік өнімдерінің үлесі басым. Ал өнеркәсіптік кооперация, өнімді терең өңдеу және қосылған құны жоғары тауарлар өндіру бағыттары әлі де дамытуды қажет етеді.

Осы орайда Қазақстанның цифрлық даму саласындағы тәжірибесін де ортақ экономикалық кеңістікке енгізу маңызды. Сарапшының сөзінше, цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларды көлік дәліздерінде, кедендік жүйелерде және мемлекетаралық есеп айырысуда пайдалану ынтымақтастықтың тиімділігін арттыра алады.

Қазақстанның ұйым ішіндегі орнына тоқталған Ләззат Нұрғалиқызы еліміздің транзиттік әлеуеті, табиғи ресурстары және экономикалық даму деңгейі оның аймақтағы рөлін айқындайтынын айтты. Әсіресе Орта дәліз бойындағы географиялық орналасу Қазақстанға халықаралық сауда бағыттарын дамытуда маңызды мүмкіндік береді.

Алайда сарапшы ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуын тек шикізат экспортымен байланыстыруға болмайтынын ескертеді. Оның пікірінше, негізгі міндет – шикізатты терең өңдеу, отандық өндірісті дамыту, білікті мамандар даярлау және цифрлық экономиканың мүмкіндіктерін кеңейту.

Шикізатқа ғана арқа сүйеп отырған экономиканың белгілі бір шегі бар. Елдің тұрақты дамуы үшін өнеркәсіптік өңдеуді күшейтіп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға көшуіміз керек. Сонда ғана халықаралық ынтымақтастықтан түсетін экономикалық пайданы арттыра аламыз, – деді экономист.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz