RU
Толық нұсқаға өту

Маңызды металдарды игеруге мән беріледі

09.11.2026, 19:25 56

Биыл Қазақстанда барлау жұмыстарын жүргізу үшін 112 учаске аукционға шығарылады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеген болатын. Бұған дейін осындай үлкен көлемде сауда-саттық жасалмағанын ескерсек, аталған аукциондар геология саласының дамуына дүмпу беруІ тиіс. Министрлер осылай дейді. ал сарапшылар ше? Мемлекет басшысы да геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгертуді және айрықша маңызды металдар қорын басқарудың ұлттық жүйесін құруды тапсырған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүзеге асып жатыр? 

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Биыл 112 учаске ашық аукционға шығарылмақ. Бұған дейін, яғни 2023-26 жылдары небәрі 126 жер телімі барлауға берілген болатын. Министрдің айтуынша, қазір кезекте тұрған компаниялар көп. Олардың арасында отандық алпауыттармен қатар шетелдік инвесторлар да бар. Сондықтан қойылатын талаптар қатаң болады. 

Ерлан Ақкенжеев, ҚР Энергетика министрі:

- Аукцион өткізер алдында біз геологиялық зерттеу, бұрғылау, қазақстандық үлесті арттыру, жергілікті кадрларды көбейту сияқты талаптар қоямыз. Қатысушы бұл талаптарды орындауға келісіп, жарнасын төлесе ғана келісім-шарт жасалады. Сондықтан мен бір жыл ішінде 112 учаскені геологиялық барлауға беру саланы дамытады деп ойлаймын. Оның нәтижесін жақын арада көреміз. 

Дегенмен, бұл инвестордың барлығы байлыққа кенеледі деген сөз емес. Кей учаскеде пайдалы қазбалар қоры табылмауы мүмкін. Себебі алғашқы барлау жүргізілген кезде технология әлі дами қоймаған. Сондықтан Қазақстан қазір заманауи әдістерді қолдануға ден қоя бастады. 

Мұхтар Қазбеков, геолог:

- Бізде анықталған қорлар бар. Енді сол қорлардан сирек және сирек кездесетін металдарды өндіріп алатын заманауи технологияларды енгізу керек. Яғни кенді қазып алудан бөлек ол пайдалы қазбаларды анықтау да маңызды. Ондай жұмыстарды елдегі үш зертхана істейді. Бірақ тереңірек талдау жасағысы келген ұйымдар шетелдік мамандарға жүгінеді. Мәселен, зертханалары жақсы дамыған Қытай, Австрия және Канада сияқты елдер бар. 

Одан бөлек Қазақстанда тау-кен саласы қағазбастылықтан арыла алмай отыр, дейді мамандар. Яғни сирек металдарды өндіруден бөлек олардың құжатын реттеу де шырғалаңға айналған. Сондықтан сарапшылар шетел тәжірибесіне сүйеніп, кеншілерді сергелдеңге салуды тоқтатуды сұрайды. 

Қанат Құдайберген, тау-кен саласының сарапшысы:

- Сирек және сирек кездесетін металдарды өндіруші Қытайды мысалға алатын болсақ, Қытайда қалдықтармен жұмыс өте жоғары деңгейге қойылған. Олар қалдықтан әрбір элементті бөліп-бөліп шығарып алады. Көмір ішінен де, мұнай ішінен де, фосфордың ішінен де. Соған байланысты әрқайсын бөлек-бөлек есепке алады. Одан кейін оларды қайта өңдеп, дайын өнімдерге дейін жеткізу бүкіл кезеңдері жақсы реттелген. Біз негізі соны негізге ала отырып, бір жүйелі жұмыс жасайтын болсақ, оның бәрін істеуге болады. 

Қазір әлемде сирек металдарға деген сұраныс күн санап артып келеді. Сондықтан Мемлекет басшысы да аталған салаға баса назар аудару керегін ескертті. Бұл Қазақстанның индустриялы-технологиялық дамуын жеделдету үшін айрықша маңызды. 

Авторы Серік Селеубайұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz