Үкімет үйінде Олжас Бектеновтің төрағалығымен жылу беру маусымының барысы қаралуда, деп хабарлайды «24KZ». Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов энергетикалық инфрақұрылымның күзгі-қысқы кезеңнен өтуге дайындығы туралы баяндады. Оның айтуынша, тұтынушылар электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етілген.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергетика нысандарын салу, инженерлік желілер мен инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңарту – осы ауқымды жұмыстың негізгі бағыттарының бірі,- деп атап өтті Премьер-министр Үкімет отырысында.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, тұтынушылар жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Электр стансаларында 8 энергия блок, 49 қазандық және 37 турбина жөнделді, сондай-ақ 17,1 мың шақырым электр желілері, 444 қосалқы станса және 377 шақырым жылу желісінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Аталған жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі орта есеппен 27%-ға ұлғайтылғанын атап өткен жөн. Нәтижесінде электр стансаларының тозу деңгейі 52%-ға дейін, электр және жылу желілерінің тозу деңгейі тиісінше 65,7% және 48%-ға дейін төмендеді. Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны орта есеппен 6%-ға азайды», - деп атап өтті Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 10 айында электр энергиясын өндіру көлемі 102 млрд. кВт·сағатты құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,3%-ға жоғары.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz