Қазақстанда соңғы жеті жыл ішінде Ұлттық қордың валюталық активтері мен Ұлттық банктің халықаралық резервтері айтарлықтай өсті, деп хабарлайды «24KZ».
Қазақстан Ұлттық банкінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, Ұлттық қордың валюталық активтері 2019 жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың қыркүйегі аралығында 7,1 миллиард долларға (немесе 12%-ға) ұлғайып, 59,336 миллиард доллардан 66,481 миллиард долларға жетті.
Өз кезегінде, жалпы халықаралық резервтер 2019 жылғы қыркүйектегі 28,796 миллиард доллар көрсеткішінен 2026 жылдың қыркүйегінде 65,881 миллиард долларға дейін көтеріліп, екі еседен астам артты (өсім – 37,085 миллиард доллар). Бұл ретте еркін айырбасталатын валютадағы активтер 34,5%-ға өсіп, 14,450 миллиард долларды құрады (2019 жылы бұл көрсеткіш 10,742 миллиард доллар еді). Айта кетерлігі, халықаралық резервтер құрамындағы монетарлық алтынның құны 2,8 есе өсіп, 18,054 миллиард доллардан 51,432 миллиард долларға жетті. Ал таза халықаралық резервтер 2,3 есеге артып, 28,317 миллиард доллардан (2019 ж. қыркүйек) 63,758 миллиард долларға (2026 ж. қыркүйек) көтерілді.
Осылайша, 2026 жылдың қыркүйек айының соңында Ұлттық қордың валюталық активтері мен халықаралық резервтердің жиынтық көлемі 132,362 миллиард долларға жетті (2019 жылғы қыркүйекте бұл көрсеткіш 88,132 миллиард долларды құраған еді). Жалпы өсім 50,2%-ды құрады.
2024 жылғы 1 ақпаннан бастап Ұлттық қордың валюталық активтері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы нысаналы талаптар бойынша міндеттемелер ескеріліп көрсетілетінін атап өткен жөн.
БЖЗҚ мәліметтері бойынша, 2024 жылғы 1 ақпан мен 2026 жылғы 1 қазан аралығында аталған бағдарлама аясында 407 145 қазақстандық жалпы сомасы 88,86 миллион доллардан астам қаражат алды. Оның ішінде 267 986 алушыға тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 58,29 миллион доллар аударылса, 139 159 алушыға білім алу ақысын төлеу үшін 30,57 миллион доллар берілді.
2026 жылдың басынан бері 1 қазандағы жағдай бойынша нысаналы жинақ төлемдерін 211 748 қазақстандық алып, оларға жалпы сомасы 57,59 миллион доллар бағытталды. Бұл ретте 145 981 алушы тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 38,86 миллион доллардан астам қаражат алса, 65 767 алушы білім беру ақысын төлеуге 18,73 миллион доллар алды.
Ұлттық қор болашақ ұрпақ үшін қаржылық ресурс жинақтаумен қатар, республикалық бюджеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін де қолданылады. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылға арналған Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемі 2,77 триллион теңгені құрайды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қордан 1,86 триллион теңге аударылды. Ал 2026 жылға арналған нысаналы трансферттер қарастырылмаған.
Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке 3,07 триллион теңге бағытталған болатын (оның ішінде 2,7 триллион теңге – кепілдендірілген трансферт, 370 миллиард теңге – нысаналы трансферт).
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген 2030 жылға дейінгі ҚР Ұлттық қорының активтерін басқару тұжырымдамасына сәйкес, қор екі негізгі функцияны атқарады: жинақтаушы және тұрақтандырушы.
Жинақтаушы функция қаржы ресурстарын жинауға және болашақ ұрпақ үшін мұнай кірістерін сақтауға бағытталған. Ал тұрақтандырушы функция республикалық бюджеттің ағымдағы қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қор активтерінің жеткілікті өтімділік деңгейін ұстап тұруды көздейді.
Ұлттық қордың қаражаты тиісті қауіп деңгейінде олардың сақталуын және ұзақ мерзімді табыстылықты қамтамасыз ету мақсатында қаржы құралдарына инвестицияланады. Сонымен қатар Қазақстанның Бюджет кодексіне сәйкес, Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген және нысаналы трансферттер бөлінеді.
Бұдан бөлек, Ұлттық қордың жинақтаушы портфелінің ұзақ мерзімді табыстылығын арттыру мақсатында 2026 жылдың наурыз айында Тұжырымдамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес стратегиялық үлесті бөлу көрсеткіштері төмендегідей белгіленді:
2023–2025 жылдар аралығында: 50% облигациялар, 30% акциялар, 5%-ға дейін баламалы қаржы құралдары және 5%-ға дейін алтын;
2026–2030 жылдар аралығында: 50% облигациялар, 35% акциялар, 10% баламалы қаржы құралдары және 5% алтын.
Жаңартылған тұжырымдама сондай-ақ нарықтық сипаттамалары мен тәуекелдерін ескере отырып, шетелдік цифрлық қаржылық активтерді баламалы құралдар портфеліне қосу мүмкіндігін қарастырады.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz