RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында жұмысшы мамандар жетіспейді

11.11.2026, 09:38 40

Түркістан облысында жұмысшы маман тапшы.

Жыл басынан өңірге тиесілі электронды еңбек биржасында 54 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланды. Облыс аумағында түрлі өндірістің өркендеуі білікті кадрларға сұранысты арттырған. Қазір аймақта 21 индустриялық аймақ пен 29 шағын өнеркәсіп паркі бар. Онда 140-тан астам кәсіпорын ашылды. Алайда қомақты жалақы, қолайлы еңбек тәртібін ұсынып отырған зауыт-фабрикалар да мамандарға мұқтаж. 

Сауран ауданындағы өнеркәсіп паркінде 30 өндірістік жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде 800-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Солардың бірі тоңазытқыш жабдықтарын шығаратын ірі зауытта қазір 400-ден астам маман еңбек етеді. Кәсіпорын өкілі еңбек нарығынан тиісті біліктілігі бар маман табу түйткілді мәселе дейді.

Айгүл Тәшбенбетова, "Жасыл суық Қазақстан" ЖШС директоры:

- Қазір бұл мәселені шешу оңай болмай тұр. Себебі елімізде біздің салаға қажетті дайын мамандар өте аз. Ал іс-тәжірибесі бар конструкторлар мен технологтардың көбі құрылыс немесе мұнай-газ саласында еңбек етеді. Сол себепті бізге жұмысқа келген кадрларды өндіріс барысында өзіміз оқытып, үйретуге тура келеді.

Маман тапшылығын жою үшін кәсіпорын арнайы білімі жоқ азаматтарды да жұмысқа алуға мәжбүр. Мәселен, Бабайқорған ауылынан келген көп балалы ана Ақтолқын Өтешова. Өндірістің қыр-сырымен биыл ғана танысқан. Кәсіпорынның тәжірибелі мамандары дәріс оқып, қазір механикалық құрастыру слесарі болып еңбек етеді.

Ақтолқын Өтешова, механикалық құрастыру слесарі:

- Өзімнің қолымда дипломым жоқ. Мектеп бітіргенмін 11-класқа дейін. Диплом алмағам. Бірақ осы жерге жұмысқа шақырды бізді. Үйретті. Көрсетті. Түсінбеген нәрселерімді көрсетті. Үйренбеген нәрселерімді үйретті. Жаман емес жұмыс. Айлық, пенсионный бәрі жүріп тұр. 

Кәсіпорын Кентау көп салалы колледжімен де тығыз байланыс орнатқан. Нәтижесінде білім ордасынан зауытқа электромонтерлар, техник-лаборанттар мен операторлар келеді. Ал инженерлік бағыттағы мамандарды даярлау үшін басшылық болашақта жоғары оқу орындарымен байланысты кеңейтуді жоспарлап отыр.

Айгүл Тәшбенбетова, "Жасыл суық Қазақстан" ЖШС директоры:

- Тапсырыс өте көп, сондықтан алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, тағы 100 жаңа жұмыс орнын ашамыз. Қазір бізге бірінші кезекте білікті инженер-технологтар мен инженер-конструкторлар қажет. Бұл мәселені шешу үшін Алматы технологиялық университеті және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен байланыс орнаттық. Қазіргі таңда осы оқу орындарымен дуалды оқыту жүйесі бойынша келісім-шарт жасасып жатырмыз.

Жалпы жыл басынан Түркістан облысында 80 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылды. Оның ішінде 37 мың адам жұмысшы мамандықтары бойынша «екі қолға бір күрек тапқан». Қазір өңірде дәнекерлеуші, электрик, механик пен құрылысшыларға сұраныс жоғары. Кадр тапшылығын азайту мақсатында Еңбек мобильділігі орталығы жұмыссыз тұрғындарды кәсіптік оқыту курстарына бағыттап жатыр.

Ерсұлтан Байбатшаев, облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры:

- Бізде "Skills Enbek" оқуы бар. Қазіргі уақытта соның ішіндегі мамандықтарға тоқталатын болсақ ІТ мамандықтары, ауыл шаруашылығы, жұмысшы мамандықтары сонымен қатар ауыл шаруашылығы мамандықтарын оқып, сертификатын алуға мүмкіндіктері бар. Облысымызда 2170-ке жуық бос орындар ашық тұр. Жастар жұмыс жасаймыз десе осы ЕҢБЕК.КЗ сайты арқылы өзіне керекті жұмысты іздеп жұмысқа орналасуына болады.

Білікті кадрларды даярлаудың маңыздылығын Президент өз Жолдауында ерекше атап өткен болатын. Еңбек министрлігінің болжамы бойынша, 2035 жылға қарай ел экономикасына 1 миллион 800 мың жұмысшы маман қажет болады. Сондықтан кадр дайындау мәселесінде кәсіпорындардың сұранысын ескерудің маңызы зор.

Авторлары Мансұр Есқожин, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz