RU
Толық нұсқаға өту
кадр бейнежазбадан

Баламалы энергетика туралы заң жобасында қандай өзгерістер бар?

11.11.2026, 16:38 51

Бүгін Құрылтайда «Жаңартылған энергия көздері» туралы заңға өзгерістер енгізіліп, оны «Баламалы энергетика» деп атау ұсынылған жаңа заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Құжат атының өзгеруімен қатар, ішіне заманауи жаңа тетіктер мен салаларды дамыту жолдары қосылған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Сұңғат Есімханов «24KZ» арнасының студиясында айтып берді.

Заңның атын “Баламалы энергетика” деп өзгерткенімізбен, оның ішіне жаңа тәсілдер мен тетіктер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, әлемде қарқын алған сутеги энергетикасы, геотермалдық әлеует және жылу мәселелерін дамыту осы заңнамаға толық қосылды. Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздерінің тұрақсыздығын ескеріп, елдегі энергия жүйесіне тұрақтылық беру үшін электр энергиясын жинақтау (сақтау) жүйелері құқықтық тұрғыдан реттеліп жатыр, – деді Сұңғат Есімханов.

Депутаттың айтуынша, энергия сақтау жүйелері арқылы түнде артық өндірілген электр энергиясын сақтап, қажет кезде пайдалануға және көрші елдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік туады. Бұл бағытта инвесторларға екі түрлі тәсіл – мемлекет тарапынан 15 жылдық кепілдік берілетін аукцион механизмі және бизнестің өз тәуекелімен жұмыс істейтін тәсілдері қарастырылған. Соңғы жылдары елімізде жаңартылған энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі артып, аукциондар арқылы күн мен жел электростанцияларының бағасы екі есеге дейін арзандаған.

Бүгінгі таңда біз ЖЭК бойынша еуразиялық көлемде ең алда келе жатқан елдердің біріміз. Егер бұрын бұл көрсеткіш 1 пайыз шамасында болса, биылғы қорытынды бойынша 8,5 пайызға, ал ескі су электростанцияларын қоса есептегенде 15 пайызға жуықтап жатырмыз. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішке жету жоспарланған. Ең бастысы – бұл салаға ешқандай мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді, тек таза нарық механизмі және инвесторлардың қаражаты арқылы дамып келеді, – деп атап өтті депутат.

Қорытындылай келгенде, қабылданып жатқан жаңа заң жобасы елдегі энергетикалық тапшылықты жоюға, жасыл технологияларды кеңінен енгізуге және инвесторларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz