Президент Қазақстан халқына Жолдауында ірі байлық иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылауды ұсынды. Осы бастаманы іске асыру аясында Үкіметке халықаралық тәжірибені зерделеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Еуропа елдерінің тәжірибесі
Шет мемлекеттердің тәжірибесі бұл мәселені шешуде бір-бірінен түбегейлі ерекшеленетін тәсілдер қолданылатынын көрсетеді.
Мысалы, Норвегияда жеке тұлғалардың таза мүліктік құнына жыл сайын салық салынады. Оған жылжымайтын мүлік, қаржылық активтер және компаниялардағы үлестер кіреді. Бұл ретте заңда белгіленген шегерімдер мен міндеттемелер ескеріледі. 2026 жылы салық салынатын байлықтың мөлшеріне қарай жиынтық салық мөлшерлемелері 1% және 1,1%-ды құрайды.
Ал Франция 2018 жылы жиынтық байлыққа салынатын кең ауқымды салықтан бас тартып, оны жылжымайтын мүлікке негізделген байлық салығымен (IFI) алмастырды.
Бұл ретте салық тек жеке тұлғаның тікелей меншігіндегі жылжымайтын мүлікке ғана емес, компаниялар арқылы иелік ететін жылжымайтын активтердің тиісті құнына да салынады. Алайда заңнамада көзделген ерекшеліктер ескеріледі.
Халықаралық тәжірибе көптеген елдерде таза байлыққа салынатын жыл сайынғы салықтардың бюджетке салыстырмалы түрде аз түсім әкелгенін де көрсетеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) зерттеуіне сәйкес, 2016 жылы мұндай салықтан түскен кіріс Испанияда ЖІӨ-нің 0,18%-ын, Норвегияда 0,43%-ын, ал Швейцарияда 1,03%-ын құраған.
Мұндай салықты қолданған ЭЫДҰ елдерінің саны 1990 жылғы 12-ден 2017 жылы төртке дейін қысқарған. Оны алып тастаудың себептері ретінде активтерді бағалаудың күрделілігі, әкімшілік шығындар, салықты оңтайландыру мүмкіндіктері және фискалдық нәтижелердің шектеулілігі аталған.
Сонымен қатар Швейцария тәжірибесі салық мөлшерлемелері салыстырмалы түрде төмен болған күннің өзінде салық базасының кеңдігі, салық салынбайтын шектердің төмендігі және жеке байлықтың жоғары шоғырлануы бюджетке елеулі түсім әкелуі мүмкін екенін көрсетеді.
Қандай қорытынды жасауға болады?
Менің ойымша, Қазақстан үшін негізгі мәселелердің бірі – капиталдың құны мен нақты алынатын табыстың арасын ажырату.
Мысалы, кәсіпкердің биржада саудаланбайтын компаниядағы үлесінің бағалау құны 1 млрд теңге делік. Алайда бұл меншік иесінің қолында дәл осындай көлемде ақшалай қаражат бар дегенді білдірмейді.
Бұл ретте бизнестегі үлестің құнын анықтау жеке қиындық туғызады. Жария компаниялардың акцияларынан айырмашылығы, биржада саудаланбайтын кәсіпорындардағы үлестердің нарықта бақыланатын биржалық бағасы болмайды.
Қолданылатын әдіске қарай – таза активтерді бағалау, ақша ағындарын дисконттау немесе нарықтық мультипликаторларды пайдалану – бағалау нәтижелері айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.
Демек, салық міндеттемелерінің мөлшері мемлекеттің активтерді бағалау үшін белгілейтін әдістемесіне де байланысты болады. Сондықтан компанияның қарыз жүктемесін, меншік үлестерінің ерекшеліктерін және өтімділік шектеулерін ескеретін ашық әрі түсінікті ережелер қажет.
Егер құны 1 млрд теңге деп бағаланған компаниядағы үлеске гипотетикалық түрде жыл сайын 1% салық салынса, салық салынбайтын шек пен жеңілдіктер болмаған жағдайда меншік иесі бюджетке жыл сайын 10 млн теңге төлеуге тиіс болады.
Алайда кәсіпкердің алатын дивидендтері бұл сомадан әлдеқайда аз болуы мүмкін. Өйткені компания табысын өндірісті дамытуға, жабдық сатып алуға немесе қарыздарын өтеуге бағыттауы ықтимал.
Егер меншік иесінің басқа өтімді қаражат көздері болмаса, оған дивиденд төлемдерін ұлғайту қажет болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде бизнеске қайта инвестициялауға болатын қаражат көлемін қысқартуы ықтимал.
Осылайша, капитал құнына жыл сайын салық енгізілген жағдайда меншік иесінің ағымдағы ақшалай түсімдерімен қамтамасыз етілмеген салық міндеттемелері туындау қаупі бар.
Бұл ірі байлыққа неғұрлым әділ салық салу міндетінің маңызын төмендетпейді. Алайда тиісті механизмді дұрыс таңдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Мұндай мәселе халықаралық тәжірибеде де ескеріледі. Кейбір елдер кәсіпкерлік активтердің белгілі бір түрлерін салықтан босатуды немесе төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастырады. Сондықтан Қазақстан үшін мұндай механизмнің кәсіпорындардың инвестициялық қызметіне ықтимал әсерін бағалау маңызды.
Халықаралық валюта қорының How to Tax Wealth (2024) зерттеуінде капиталдан нақты алынатын табысқа салық салу жалпы алғанда активтердің құнына жыл сайын салық салуға қарағанда экономикалық бұрмалауларды азырақ туғызатыны атап өтіледі.
Сондықтан зерттеу авторлары капиталдан түсетін табысқа, оның ішінде активтер құнының өсімінен алынатын кіріске салық салу жүйесін жетілдіруге және салық заңнамасындағы олқылықтарды жоюға басымдық беруді ұсынады.
Салық саясатының ауқатты азаматтардың мінез-құлқына, соның ішінде салық резиденттігін өзгертуіне ықпалы да ерекше назар аударуды қажет етеді.
Норвегия тәжірибесі салық жүктемесінің артуы ең ауқатты салық төлеушілердің басқа елдерге көшуін ынталандыруы мүмкін екенін көрсетеді.
2026 жылдың қазан айында American Economic Review журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, авторлардың бағалауынша, байлық салығының ең жоғары мөлшерлемесін бір пайыздық тармаққа арттыру ауқатты салық төлеушілер санының шамамен 2%-ға қысқаруына әкеледі. Ал салықтық көші-қон салдарынан жиынтық инвестициялардың азаюы 0,07% деңгейінде бағаланады.
Сонымен қатар Норвегиядағы салық реформаларына арналған басқа зерттеу салық жүктемесінің артуы зерттелген компанияларда инвестициялардың қысқаруына немесе дивиденд төлемдерінің ұлғаюына әкелгенін растайтын сенімді дәлелдер таппаған.
Бұл тұжырымдар Қазақстан үшін ерекше өзекті. Өйткені қолданыстағы заңнамада жоғары табыстар мен қымбат мүлікке жоғары мөлшерлемемен салық салудың жекелеген элементтері қазірдің өзінде қарастырылған.
2026 жылдан бастап жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы қолданылады.
Дивидендтер үшін 5% және 15% мөлшерлемелер белгіленген. Жоғары мөлшерлеме жылдық салық салынатын табыстың 230 000 АЕК-тен асатын бөлігіне қолданылады.
Бұдан бөлек, 2026 жылдан бастап Қазақстанда қымбат жылжымайтын мүлікке жоғары мөлшерлемемен салық салу қарастырылған. Егер бір меншік иесіне тиесілі нысандардың жиынтық салықтық құны 450 млн теңгеден асса, салық 2 946 600 теңгені және белгіленген шектен асатын соманың 2%-ын құрайды.
Халықаралық тәжірибе ірі байлыққа салық салудың нәтижесі таңдалған механизмге және оны қолдану сапасына байланысты екенін көрсетеді.
Қазақстан үшін ұсыныстар әзірлеу кезінде қазірдің өзінде қолданылып жатқан шаралардың бюджеттік тиімділігін, капитал иелеріне түсетін жиынтық салық жүктемесін және жаңа тәсілдің қандай қосымша нәтиже беретінін бағалау маңызды.
Бұл ұлттық экономиканың ерекшеліктерін ескере отырып, салық жүктемесін неғұрлым әділ бөлуге мүмкіндік беретін шешім әзірлеуге көмектеседі.
Автор: Венера Жаналина, Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, @EconomIQ Telegram-арнасының авторы.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #салық #жолдау 2026 #кәсіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz