Қазақстанда цифрлық теңге арқылы мемлекеттік қаражаттың қалай жұмсалғанын бақылауға мүмкіндік бар. Мысалы, жол жөндеуге бөлінген ақша басқа мақсатқа жұмсалса, оны цифрлық жүйеден көруге болады. Бұл – ұлттық валютаның жаңа түрінің басты мүмкіндіктерінің бірі. Қазір елімізде осы технологияны қолдану бойынша 20 пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы 24KZ телеарнасының «Қаржы нарығы» бағдарламасында айтылды.
Цифрлық теңге – криптовалюта емес. Оның құны кәдімгі теңгемен бірдей. Бірақ оны коммерциялық банктер емес, Ұлттық банк шығарады. Қаржыгер Андрей Чеботаревтің айтуынша, бұл – ұлттық валютаның үшінші нысаны.
Цифрлық теңге – ұлттық валютаның үшінші нысаны. Біріншісі – қолма-қол ақша, екіншісі – банк шотымызда тұрған қолма-қолсыз ақша, үшіншісі – осы цифрлық теңге. Оны айналымға енгізіп, эмиссиялайтын – Ұлттық банктің өзі, – деді қаржыгер.
Жаңа валютаның басты ерекшелігі – ақшаның қозғалысын белгілі бір шарттармен байланыстыруға болады. Мәселен, мемлекет жол жөндеуге мердігерге қаражат бөлсе, оны тек келісімшартта көрсетілген мақсатқа жұмсау талабын белгілеуге мүмкіндік бар. Осылайша, бюджет ақшасының басқа қажеттілікке кетуіне тосқауыл қойылады.
Цифрлық теңгенің көмегімен қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын бақылауға болады. Мысалы, жол жөндеуге жауапты кәсіпкерге ақша аударылса, сол қаражатқа не сатып алынғанын көруге мүмкіндік бар. Жөндеу жұмысына арналған ақшаға жаңа Lexus алынды ма, әлде асфальт сатып алынды ма? Мұның бәрі цифрлық жүйеде көрініп тұрады, – деді Андрей Чеботарев.
Қазақстанда бұл технология тәжірибе жүзінде де қолданылып жатыр. Мәселен, 2024 жылы Ұлттық қор қаражаты есебінен салынып жатқан Достық – Мойынты теміржол учаскесін қаржыландыруда цифрлық теңгенің бағдарламалау мүмкіндігі пайдаланылды. Ал 2026 жылғы қазан айындағы мәлімет бойынша, елімізде жалпы сомасы 339 млрд теңгені құрайтын 20 пилоттық жоба жүзеге асырылған. Олар инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік қаржы салаларын қамтиды.
Цифрлық теңге қаржы аударымдарын жеңілдетуге де бағытталған. Қаржыгердің сөзінше, ұлттық валютаның бұл түрі банктер арасындағы есеп айырысуды жеделдетіп, операциялық шығындарды азайтуы мүмкін.
Цифрлық теңге айналымын Ұлттық банк өзі басқаратындықтан, бұл валюта қарапайым банк жүйесінен бөлек жұмыс істейді. Оның арқасында банктер арасындағы аударымды жеделдетуге және операциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік бар. Яғни азаматтар үшін ақша аудару қолжетімді әрі ыңғайлы бола түспек, – деді Андрей Чеботарев.
Ал азаматтардың жеке ақшасы мен шығыны бақылауға алына ма деген сұрақ та бар. Ұлттық төлем корпорациясының түсіндіруінше, мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын бақылауға арналған таңбалау жеке тұлғалардың ақшасына қолданылмайды. Азаматтардың транзакциялары туралы деректер Ұлттық банкке берілмейді, ақпарат банктерде сақталады.
Осылайша, цифрлық теңге мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға және қаржы жүйесіндегі есеп айырысуды жеңілдетуге арналған. Ал оның қарапайым азаматтардың күнделікті төлемдеріне қаншалықты әсер ететінін технологияның кеңінен енгізілуі көрсетеді.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #қаржы нарығы #бюджет #Цифрлық теңгеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz