RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Сақтандыру компанияларының пайдасы 2,5 есе қысқарды

13.11.2026, 11:52 20

Қазақстандағы сақтандыру компанияларының таза пайдасы биыл 2,5 есе азайды. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш 87,8 млрд теңге болған. Былтыр осы кезеңде 222 млрд теңгеден асқан еді. Бұған теңгенің нығаюы мен клиенттерге төленетін өтемақының көбеюі әсер еткен. Бұл туралы 24KZ телеарнасының «Қаржы нарығы» бағдарламасында айтылды.

Сақтандыру компаниялары клиенттерден жиналған жарнаның бір бөлігін болашақ төлемдерге резерв ретінде сақтап, қалғанын инвестициялайды. Негізінен мемлекеттік бағалы қағаздар мен банк депозиттеріне қаржы салады.

Сақтандыруға түскен қаражаттың басым бөлігі азаматтарға болашақта төленетін өтемақыға резерв ретінде сақталады. Кейін бұл ақша инвестицияланады. Қаражат негізінен мемлекеттік бағалы қағаздар мен банк депозиттеріне орналастырылады. Компанияның өзі де табыс табуы керек, өйткені ол тегін жұмыс істемейді, – деді Ләззәт Нұрғалиқызы, экономист.

Теңге нығайған кезде шетел валютасындағы инвестициялардың теңгемен есептелетін құны төмендейді. Мәселен, доллар 500 теңге болғанда салынған қаражат кейін бағам 450 теңгеге түскен жағдайда қайта бағаланады. Соның салдарынан компанияның теңгемен есептелген активі мен инвестициялық кірісі азаюы мүмкін.

Бұған қоса, сақтандыру төлемдері де көбейген. Биылғы тоғыз айда компаниялар клиенттерге 417,9 млрд теңге өтемақы төлеген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 30,7%-ға көп. Әсіресе міндетті автосақтандыруда шығын жоғары: жиналған әрбір 100 теңгенің 98 теңгесі 80 тиыны клиенттерге төленеді. Бұл ретте қызметкерлердің жалақысы, кеңсе шығындары мен агенттердің комиссиясы әлі есепке алынбаған.

Доллар 500 теңге болған кезде салынған инвестиция теңге нығайып, доллар 450 теңгеге түскен жағдайда қайта бағаланады. Соның салдарынан оның теңгемен есептелген құны азаяды. Ал автосақтандыруда көлік жөндеу мен қосалқы бөлшектердің қымбаттауы компаниялардың шығынын көбейтеді, – деді Ләззәт Нұрғалиқызы.

Сонымен бірге сақтандыру нарығына түсетін қаражат көлемі өсіп келеді. Тоғыз айда компаниялар 1 трлн 434 млрд теңгеден астам сақтандыру жарнасын жинаған. Бұл былтырғыдан 16,8%-ға көп. Ал сектор активтері 4,8 трлн теңгеге жетті. Оның 73,5%-ы бағалы қағаздарға инвестицияланған.

Осылайша, сақтандыру нарығына түсетін қаражат көбейгенімен, компаниялардың таза пайдасы төмендеп отыр. Ендігі міндет – инвестицияны тиімді басқарып, клиенттер алдындағы міндеттемелерді уақытылы орындау.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz