RU
Толық нұсқаға өту
Фото: Qazaq Expert Club

«Самұрық-Қазына» басшылығының ұсталуы: сарапшы корпоративтік басқарудағы олқылықтарды атады

16.11.2026, 10:18 16

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуына байланысты ірі мемлекеттік компаниялардағы корпоративтік басқару жүйесінің тиімділігі қайтадан назарға ілікті. QazExpertClub сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналинаның пікірінше, бұл жағдай ұлттық және жеке компаниялар үшін ішкі бақылауды күшейтіп, басшылықтың жауапкершілігін нақтылаудың маңызын көрсетеді, деп хабарлайды «24KZ».

Сарапшының айтуынша, қылмыстық істің мән-жайы әзірге жарияланған жоқ, ал ұсталған тұлғалардың кінәсі сот арқылы дәлелденген жоқ. Сондықтан тергеу барысындағы жағдайларды бұған дейін анықталған аудит нәтижелерімен тікелей байланыстыруға болмайды. Дегенмен қордағы корпоративтік басқару жүйесінің тиімділігін жеке бағалау қажет.

Венера Жаналина Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы қарашада жарияланған аудит қорытындыларына назар аударды. Тексеру нәтижесінде қордың директорлар кеңесі жанындағы бес комитеттің үшеуі, ал басқарма жанындағы жеті комитеттің екеуі жұмыс істемегені анықталған. Сонымен қатар 351,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылық, 122,2 млрд теңге сомасында қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілері, сондай-ақ 119 жүйелі кемшілік тіркелген.

Сарапшының пікірінше, бұл жерде негізгі мәселе – аудиттен кейін қандай шаралар қабылданғаны, анықталған кемшіліктерді жоюға кім жауапты болғаны және директорлар кеңесінің ұсынымдардың орындалуын қаншалықты қадағалағаны.

Венера Жаналина корпоративтік басқару жүйесінде директорлар кеңесінің рөлі ерекше екенін атап өтеді. Оның міндетіне стратегиялық басшылық жасау, атқарушы органның қызметін, тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйелерін қадағалау кіреді. Бұл ретте тәуелсіз директорлар басқарушылық шешімдерді объективті бағалап, мүдделер қақтығысы тәуекелдерін азайтуға тиіс.

Алайда сарапшының пайымдауынша, тәуелсіз директорлар мен мамандандырылған комитеттердің болуы өздігінен тиімді бақылауға кепілдік бермейді. Олардың нақты өкілеттіктері, қажетті ақпаратқа қол жеткізуі және қабылданатын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі маңызды.

Самұрық-Қазына» басқару құрылымының өзіндік ерекшелігі бар. Қордың жалғыз акционері – Үкімет, ал директорлар кеңесін Премьер-министр басқарады. Осыған байланысты мемлекеттің меншік иесі ретіндегі, директорлар кеңесінің және атқарушы басшылықтың өкілеттіктерін нақты ажырату, сондай-ақ бақылау функцияларының тәуелсіздігін қамтамасыз ету қажет, – деп есептейді сарапшы.

Венера Жаналина бұл жағдайдан ұлттық және жеке компаниялар алуы тиіс бірнеше маңызды сабақты атап өтті.

Біріншіден, директорлар кеңесі атқарушы басшылықтың қызметіне нақты бақылау жүргізуі керек. Комитеттердің болуы ғана жеткіліксіз. Олар тәуекелдерді дер кезінде анықтап, заңбұзушылықтарға жедел әрекет етіп, тиісті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етуі қажет.

Екіншіден, ішкі аудит және комплаенс қызметтерінің тәуелсіздігіне басымдық берілуі тиіс. Сарапшының пікірінше, бұл құрылымдар жоғары басшылықтың шешімдеріне қатысты мәселелерді де директорлар кеңесіне тікелей жеткізе алуы керек. Әсіресе сатып алу мен инвестиция салаларында операцияларды бастау, келісу, бекіту және тексеру өкілеттіктерін нақты бөлу маңызды.

Үшіншіден, анықталған кемшіліктерді жою бойынша жүйелі бақылау қажет. Ол үшін бұзушылықтарды жою мерзімі, жоғары тәуекелді ескертулердің орындалуы және бірдей кемшіліктердің қайталану жиілігі сияқты нақты көрсеткіштер қолданылуы мүмкін. Егер бір мәселе бірнеше жыл бойы шешілмесе, атқарушы басшылықпен қатар директорлар кеңесінің бақылау тиімділігін де бағалау керек.

Төртіншіден, компаниялар жекелеген басшыларға тәуелділікті азайтуы тиіс. Өкілеттіктерді нақты бөлу, басшыларды уақытша алмастыру тәртібі мен басқарудағы сабақтастық күтпеген кадрлық өзгерістер кезінде операциялық және қаржылық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.

Бесіншіден, корпоративтік басқару капиталды тиімді пайдалануға бағытталуы қажет. Директорлар кеңесі тек белгіленген рәсімдердің сақталуын емес, стратегиялық және инвестициялық шешімдердің экономикалық нәтижелілігін де бақылауы тиіс. Атап айтқанда, жобалардың орындалу мерзімі, жоспарланған кірістілік және меншік иелері үшін құн қалыптастыру мәселелері назарда болуы керек.

Сарапшы құқықбұзушылықтардың алдын алу мен экономикалық тиімділікті қамтамасыз етуді бір-бірінен ажырату маңызды екенін де ескертеді. Ішкі рәсімдердің сақталуы инвестициялық шешімдердің сапасына кепілдік бермейді. Сол сияқты жоғары қаржылық көрсеткіштер де сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоқ екенін білдірмейді.

Венера Жаналинаның пайымдауынша, корпоративтік басқарудағы кемшіліктер ұлттық компаниялар үшін мемлекеттік активтерді тиімсіз пайдалану қаупін арттырса, жеке бизнес үшін қаржылық шығындарға, инвестициялық тартымдылықтың төмендеуіне және қаржыландыру құнының өсуіне әкелуі мүмкін.

Сондықтан «Самұрық-Қазына» басшылығына қатысты жағдайдан кейін қабылданатын шаралар тек кадрлық өзгерістермен шектелмеуі керек. Сарапшы қордың директорлар кеңесінің, оның комитеттерінің, ішкі аудит және комплаенс қызметтерінің жұмысын, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары қаншалықты орындалғанын бағалауды ұсынады.

Оның пікірінше, корпоративтік басқарудың сапасы комитеттер мен регламенттердің санымен емес, жүйенің басшылық әрекеттерін бақылау, тәуекелдерді дер кезінде анықтау және меншік иелерінің капиталын қорғау қабілетімен өлшенеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz