Қазақстанда соңғы жеті жылда шамамен 3,6 миллион жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 2,5 миллионы – тұрақты жұмыс орындары. Еңбек нарығындағы өсімге негізінен әлеуметтік сала, сауда және қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен ақпараттық технологиялар секторлары үлес қосып отыр. Бұл туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Көші-қон процестерін талдау және еңбек ресурстарын болжау департаменті директорының орынбасары Мадияр Алдияров «24KZ»арнасына берген сұқбатында мәлімдеді.
Әлеуметтік сала – жұмыспен қамтудың негізгі драйвері
Мадияр Алдияровтың айтуынша, соңғы жылдары жаңа жұмыс орындарының көбеюіне ең алдымен білім беру және денсаулық сақтау салалары ықпал еткен.
Атап айтқанда, 2019 жылмен салыстырғанда білім беру саласындағы жұмыс орындарының саны 120 мыңға, ал денсаулық сақтау саласында 100 мыңға артқан. Бұл өсім негізінен орта және ірі кәсіпорындардың есебінен қамтамасыз етілген.Сонымен қатар сауда және қызмет көрсету салаларында да жұмыспен қамту көрсеткіші жоғарылаған. Оның ішінде сауда, қоғамдық тамақтану, жылжымайтын мүлік, қонақүй бизнесі сияқты бағыттарда жаңа жұмыс орындары көптеп ашылды, - деді Мадияр Алдияров.
Сарапшы бұл сектордағы өсімнің басым бөлігі шағын және орта бизнестің дамуымен байланысты екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, 2019 жылдан бері ауыл шаруашылығында жұмыс орындарының саны 60 мыңға, құрылыс саласында 44 мыңға өскен. Ақпарат және байланыс секторында, соның ішінде IT бағытында да жұмыспен қамту көлемі артып келеді.
Өңірлер арасындағы еңбек нарығының айырмашылығы
Еңбек нарығындағы белсенділік барлық өңірде бірдей емес. Мадияр Алдияровтың мәліметінше, Электрондық еңбек биржасында жыл басынан бері шамамен 1,3 миллион бос жұмыс орны тіркелген.
Бос жұмыс орындарының саны бойынша Астана мен Алматы қалалары алдыңғы қатарда. Әр мегаполисте шамамен 120 мың бос жұмыс орны ұсынылған. Сонымен бірге Қарағанды, Павлодар және Түркістан облыстарында да еңбекке сұраныс жоғары, - деді Мадияр Алдияров.
Алайда өңірлер арасындағы айырмашылық тек бос жұмыс орындарының жалпы санынан ғана байқалмайды. Сарапшының сөзінше, жан басына шаққандағы тіркелген бос жұмыс орындарының саны оңтүстік және батыс өңірлерде солтүстік-шығыс пен орталық аймақтарға қарағанда шамамен екі есе аз.
Мұның басты себептерінің бірі – демографиялық жағдай. Халық саны өсіп жатқан оңтүстік өңірлерде еңбек нарығына жыл сайын жаңа жұмыс іздеушілер қосылады. Ал солтүстік-шығыс және орталық өңірлерде керісінше жұмыс күшінің тапшылығы байқалады, - деді Мадияр Алдияров.
Мамандық пен жұмыс беруші талабының сәйкес келмеуі
Еңбек нарығындағы тағы бір өзекті мәселе – кәсіби және аумақтық теңгерімсіздік. Яғни бос жұмыс орны болғанымен, жұмыс берушінің талабына сай келетін маман табыла бермейді.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында электромонтер маманына сұраныс болуы мүмкін. Алайда бұл талаптарға сәйкес келетін үміткер басқа өңірде, мәселен, Қызылорда облысында тұруы ықтимал. Бірақ ұсынылатын жалақы мен көшуге байланысты шығындарды ескергенде, маманның басқа аймаққа қоныс аударуға ынтасы болмауы мүмкін, - деді Мадияр Алдияров.
Бұған қоса, жұмысшы мамандықтары бойынша арнайы біліктілік пен рұқсат құжаттарының болуы маңызды. Мәселен, электр жабдықтарымен жұмыс істеу үшін кәсіби біліммен қатар тиісті санат пен разряд талап етіледі. Мұндай талаптарға сай келетін үміткерлердің аздығы да кадр тапшылығын күшейтеді.
Мадияр Алдияров жалақы мәселесінің де маңызы бар екенін атап өтті. Электрондық еңбек биржасындағы кейбір вакансияларда ұсынылатын медианалық жалақы жұмыс іздеушілердің күткен жалақысынан төмен болуы мүмкін. Бұл да жұмыс беруші мен үміткер арасындағы сәйкессіздікке әсер етеді.
Шағын және орта бизнестің үлесі артып келеді
Жаңа жұмыс орындарын құруда шағын және орта бизнестің рөлі ерекше. Сарапшы соңғы жеті жылда бұл сектордың жұмыспен қамтудағы үлесі өскенін атап өтті.
Оның айтуынша, еңбек нарығындағы оң өзгерістердің бірі – жалдамалы жұмыспен қамтылғандар санының артуы және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының азаюы. Статистика бюросының деректеріне сүйенген сарапшы соңғы жеті жылдағы жұмыспен қамтудың шамамен 600 мың адамға өскенін, бұл өсімнің тұрақты жалдамалы қызметкерлер есебінен қалыптасқанын айтты.
Кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін мемлекет тарапынан да түрлі қолдау шаралары қарастырылған. Олардың қатарында жеңілдетілген несие беру және кәсіп бастауға арналған гранттар бар, - деді Мадияр Алдияров.
Мәселен, өңірлік қолдау бағдарламалары аясында шағын және орта бизнеске қолжетімді несие ұсынылады. Ал «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында кәсіп ашуға ниетті азаматтарға 3 миллион теңгеге жуық шағын гранттар берілген.
Тегтер #жұмыспен қамту #экономика #24жаңалықтар #24KZ
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz