2026 жылдың тоғыз айында энергетика секторындағы жер қойнауын пайдаланушылар жүзеге асырған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сатып алу көлемі 3,553 трлн теңгені құрады. Оның шамамен 1,9 трлн теңгесі немесе 55,4%-ы елішілік құндылық үлесіне тиесілі. деп хабарлайды «24KZ».
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Қазақстандық өндірушілерді қолдау мақсатында сатып алу тетіктері жетілдіріліп, мұнай-газ жобаларында елішілік құндылық үлесіне қойылатын талаптар күшейтілуде.
Сатып алу қағидаларына сәйкес, тауарды Қазақстанда өндіретін жалғыз өндіруші болған жағдайда, онымен тікелей сатып алуды, ал отандық өндірушілердің саны екі және одан көп болса, конкурс өткізуді көздейтін талаптар белгіленген. Тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесін арттыру бойынша жүргізілетін жұмыс шеңберінде мұнай-газ жобаларында жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда сатып алынатын тауарлардағы жергілікті қамтудың ең төменгі үлесі бойынша міндеттемелердің міндетті түрде болуын белгілейтін Жер қойнауы туралы кодекске өзгерістер енгізілді. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға кем дегенде тауарларда 30%, жұмыстар мен қызметтерде 80% көлемінде елішілік құндылық бойынша ең төменгі көрсеткіштерді енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, — деді министр.
Қазақстандық компаниялардың Теңізшевройл (ТШО), Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг (КПО) және Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC компаниясының сатып алуларына қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылуда.
2026 жылғы қазан айында өткен салалық форум мен Ашық есік күндерінің қорытындысы бойынша отандық өндірушілермен ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде 10 меморандумға және 27 келісімшартқа қол қойылды. Ал 2025 жылы аталған үш ірі мұнай-газ операторының тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу көлемі 2,8 трлн теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4%-ға артық.
Отандық өнімге сұранысты арттырудың тағы бір тиімді тетігі – ұзақ мерзімді және офтейк-келісімшарттар. 2026 жылдың басынан бері жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық өндірушілермен жалпы құны 79,7 млрд теңгені құрайтын 75 ұзақ мерзімді келісімшарт жасасты. Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 668,9 млн теңгеге 42 офтейк-келісімшартқа қол қойды.
Тегтер #экономика #жер қойнауы #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz