Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің көлемі 10 айда 9,3 пайызға өсті. Өсімге жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайтуы және жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы ықпал еткен. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Лаура Өтемұратова «24KZ» арнасына берген сұқбатында мәлімдеді.
Биыл елімізде жалпы құны 1,7 триллион теңге болатын 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның 125-і қазірдің өзінде іске қосылды.
Департамент директорының айтуынша, өнеркәсіп өндірісіндегі өсім екі негізгі факторға байланысты. Біріншісі – қолданыстағы кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейтіп, өнім көлемін арттыруы. Екіншісі – жаңа өнім түрлерін шығаратын кәсіпорындардың іске қосылуы.
Өсім екі бағыт есебінен қамтамасыз етілді. Біріншіден, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар өнім өндірісін ұлғайтып, қуаттылығын кеңейтіп жатыр. Екіншіден, жаңа өнім өндіретін кәсіпорындардың есебінен өсім байқалады. Осы екі фактордың нәтижесінде бүгінде өңдеу өнеркәсібі 9,3 пайызға артып отыр, – деді Лаура Өтемұратова.
Биыл іске асырылуы жоспарланған 200 инвестициялық жобаның жалпы құны – 1,7 триллион теңге. Қазіргі уақытта 125 жоба пайдалануға берілген. Қалған 75 жоба құрылыс, жабдықтарды жеткізу және орнату, инфрақұрылым тарту сияқты дайындық кезеңдерінен өтуде. Министрлік қалған жобаларды жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр.
Біз үшін ең бастысы – жобаларды есеп үшін жүзеге асыру емес, нақты өндіріс орындарын ашу. Сондықтан министрлік әр жобаның іске асуын жіті қадағалап, бақылауда ұстап отыр», – деп атап өтті спикер.
Жаңа инвестициялық жобалар аясында 17 мың тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Оның 5,5 мыңы ауылдық елді мекендерге тиесілі. Бұл ретте құрылыс жұмыстары кезіндегі уақытша еңбек орындары есепке алынбайды.
Әңгіме кәсіпорындар толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін құрылатын тұрақты жұмыс орындары туралы болып отыр. Олардың қатарында өндіріс жұмысшылары, технологтар, инженерлер және басқа да мамандар бар.
Спикер ауылдық жерлерде іске қосылған бірнеше өндіріс орнын мысалға келтірді. Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Алексеевка кен орнында каолин негізіндегі байыту зауыты ашылып, 90 тұрақты жұмыс орны құрылған.
Ал Алматы облысының Қарасай ауданында ПВХ профильдерін өндіретін зауыт іске қосылып, 150 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар темірбетон және сэндвич-панельдер шығаратын өндіріс орны ашылып, тағы 250 тұрақты жұмыс орны құрылған.
Біздің басты мақсатымыз – ірі қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жаңа өнеркәсіп кәсіпорындарын ашу. Бұл экономиканы әртараптандыруға және ауыл тұрғындарының өз тұрғылықты жерінде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», – дейді Лаура Өтемұратова.
Отандық өндірісті дамытуда импортқа тәуелділікті азайту мәселесі де өзекті. Бүгінде Қазақстанда теміржолға арналған бұйымдар, ламинат, тамшылатып суару жүйелері, кофе капсулалары және басқа да өнімдер шығарыла бастады. Алайда министрлік өкілінің айтуынша, басты міндет тек жаңа тауар түрлерін өндірумен шектелмейді. Сонымен қатар шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі тұрақты өндірістік тізбекті қалыптастыру қажет.
Осы мақсатта заңнамаға «кластерлік өндіріс» ұғымы енгізілген. Бұл ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнесті дамытуға, қосалқы бөлшектер мен автокомпоненттер өндіруге, ғылыми ұйымдар мен сервистік қызметтерді біріктіруге мүмкіндік береді.
Қазір осы бағытта автокөлік және машина жасау салаларында пилоттық кластерлер дамып келеді. Атап айтқанда, мультимедиялық жүйелер, желдеткіштер, жылыту жүйелері, шиналар және автомобиль салонына арналған төсемдер өндіретін кәсіпорындар ашылған. Сондай-ақ «Кармет» компаниясында отандық болаттан автобус кузовтарын жасау өндірісі игерілген.
Біздің басты мақсатымыз – жаңа өнім өндірумен қатар, жұмыс істеп тұрған өндірістердің әлеуетін арттыру, жаңа өнім түрлерін игеру және кезең-кезеңімен импортқа тәуелділіктен арылу, – деді департамент директоры.
Сонымен бірге отандық өнім мәртебесін заңсыз пайдаланудың алдын алу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Шетелден дайын тауар әкеліп, тек қаптамасын өзгерту арқылы оны қазақстандық өнім ретінде көрсету жағдайларын болдырмау үшін отандық тауар өндірушілердің арнайы тізілімі енгізілген.
Тізілімге ену үшін кәсіпорындар екі кезеңнен тұратын тексерістен өтеді. Алғашқы кезеңде мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты тексеру жүргізіледі. Бұл ретте кәсіпорынның салық төлемдері, өндірістік алаңдарының болуы және коммуналдық шығындары ескеріледі.
Екінші кезеңде нақты өндірістік процестерге назар аударылады. Мамандар өнімді дайындау технологиясының сақталуын, қажетті жабдықтардың бар-жоғын және өндірістік операцияларды жүзеге асыратын қызметкерлердің жеткіліктілігін тексереді.
Тегтер #өңдеу өнеркәсібі #экономика #24жаңалықтар #24KZБарлық тексеру кезеңінен өткеннен кейін ғана кәсіпорынға «отандық өнім» мәртебесі беріліп, ол тиісті тізілімге енгізіледі. Біздің басты мақсатымыз – жалған өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларынан шеттету және шынайы отандық өндірісті дамыту, – деп түйіндеді Лаура Өтемұратова.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz