RU
Толық нұсқаға өту
ЖИ

Өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қосымша 47 млрд теңге бөлінді

18.11.2026, 12:23 4

2027 жылғы республикалық бюджетте өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға қосымша қаражат қарастырылды. Құрылтай депутаттарының бастамасымен 52 аймақтық жобаны жүзеге асыруға 47 млрд теңге бөлінетін болды, деп хабарлайды «24KZ».

Қаржы жылу және энергетика жүйелерін жаңғыртуға, елді мекендерді газбен және ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.

Бөлінген қаражаттың басым бөлігі жылу, электр энергиясы және газ тасымалдау жүйелеріндегі жобаларға тиесілі. Бұл мақсатқа 28,1 млрд теңге қарастырылған.

Атап айтқанда, Ақмола облысында Қорғалжын ауданының жылу желілерін жаңғырту, Көкшетау қаласында ауыз су және кәріз жүйелерін дамыту, Атбасардағы орталық қазандықты қайта жаңарту жоспарланған.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында газ құбырлары мен тарату желілері салынады.

Жамбыл облысында Талас ауданындағы газ желілерін дамыту және Тараз қаласында қосалқы станция салу көзделген.

Қарағанды облысының бірқатар ауылында газбен жабдықтау жүйелері жүргізіліп, Абай ауданындағы магистральдық жылу желілерінің бір бөлігі қайта жаңартылады.

Қостанай облысында Қамысты ауданындағы газ тарату желілері салынып, Арқалық пен Лисаковск қалаларындағы жылу желілері реконструкцияланады.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожаберді және Сүттіқұдық елді мекендерінде газ құбыры мен қалаішілік тарату желілерін салу жоспарланған.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласында жаңа қазандық бой көтереді.

Сондай-ақ Семей қаласында екі мектептің орталық жылыту пункттері мен жылу желілері қайта жаңғыртылып, электр қуатын тарату трансформаторлары жаңартылады.

Солтүстік Қазақстан облысының Новоишим ауылында жылумен жабдықтау желілері салынып, Уәлиханов және Ақжар аудандарында жоғары вольтты сақиналы желі жүргізіледі.

Бұдан бөлек, Өскемендегі қазандық қайта жаңартылып, Текелі қаласындағы жылу желілері жөнделеді.

Ұлытау облысында газ құбыры тармағы мен Атасу автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы жоспарланған.

Өңірлердегі қауіпсіздік мәселесіне де назар аударылған. Атырау облысында өзен жағалауларын нығайту жұмыстарына қосымша 2,5 млрд теңге бөлінеді. Қаражат Алға ауылындағы және Махамбет ауданындағы Махамбет, Бейбарыс, Талдыкөл елді мекендеріндегі Жайық өзені жағалауын бекітуге, тұрғындарды су тасқыны қаупінен қорғауға жұмсалады.

Сонымен қатар Қостанай, Түркістан және Ұлытау облыстарында сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға 4,9 млрд теңге қарастырылған.

Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы да назардан тыс қалмаған. Павлодар әуежайының терминалы мен оған қарасты нысандарды қайта жаңартуға, сондай-ақ Шымкент қаласында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана салуға жалпы 2,5 млрд теңге бағытталады.

Ал Ақтөбе, Жетісу және Батыс Қазақстан облыстарындағы инфрақұрылымдық жобаларды мемлекеттік қолдауға қосымша 6,5 млрд теңге қарастырылған.

Осылайша, 2027 жылғы бюджет аясында бөлінген қосымша қаражат өңірлердегі инженерлік желілерді жаңғыртуға, ауыз су мен газға қолжетімділікті арттыруға, су тасқынының алдын алуға және әлеуметтік нысандарды дамытуға бағытталмақ.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz