RU
Толық нұсқаға өту
ҚР Үкіметі

Almaty SuperSki тау шаңғысы кластері 2028 жылы іске қосылады 

18.11.2026, 12:41 30

Алматыда Almaty SuperSki тау шаңғысы кластерінің құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жоба аясында аспалы жолдардың іргетасын қалау жұмыстары басталды. Курортты 2028 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланған, деп хабарлайды «24KZ».

Бұл мәселе Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Kazakh Tourism Development Ltd. компаниясы директорлар кеңесінің отырысында қаралды.

Жиында компанияның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев құрылыс алаңындағы жұмыстардың белсенді кезеңге өткенін баяндады. Қазіргі уақытта француздың POMA компаниясымен бірлесіп, аспалы жолдардың іргетасын құю жұмыстары басталған. Сонымен қатар жобаға қажетті жабдықтарды дайындау жұмыстары қатар жүргізілуде.

Құрылысқа отандық кәсіпорындар да тартылып жатыр. Атап айтқанда, жоба аясында 11 аспалы жол салуды жоспарлаған POMA компаниясы қазақстандық өндірушілердің әлеуетін бағалаған. Нәтижесінде аспалы жолдардың жекелеген құрылымдық элементтерін еуропалық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай өндіретін отандық кәсіпорын іріктелді.

Бұл бастама жергілікті өндірістің дамуына, жаңа технологиялардың трансфертіне және қазақстандық мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаға халықаралық сәулет және инженерлік компаниялар да қатысады. Атап айтқанда, Foster+Partners бюросы әзірлеген архитектуралық тұжырымдаманы іске асыру үшін бірнеше әлемдік компания таңдалған.

Швейцариялық Blumer-Lehmann компаниясы курорттың базалық және жоғарғы стансалары ғимараттарының ағаш тірек конструкцияларын жобалау, дайындау және монтаждау жұмыстарын техникалық сүйемелдеумен айналысады.

Ал даниялық Bjarke Ingels Group компаниясы 24 халықаралық компания қатысқан байқау қорытындысы бойынша таудағы ауыл тұжырымдамасын әзірлеуге таңдалды. Бұл жұмысқа канадалық Ecosign компаниясы да тартылған. Оның мамандары тау шаңғысы курорттарын жоспарлау және туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында халықаралық тәжірибеге ие. Атап айтқанда, компания 46 елде 1000-нан астам жобаны жүзеге асырған.

Жобада туристерге қолайлы логистика қалыптастыруға және ski-in/ski-out қағидатын енгізуге ерекше мән берілмек. Бұл тұжырымдама демалушыларға қонақүйден немесе курорт аумағындағы нысандардан тікелей шаңғы трассаларына шығуға мүмкіндік береді.

Отырыс қорытындысында Премьер-министр жобаның халықаралық стандарттарға сай жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды. Негізгі міндет – тау шаңғысы кластерін 2028 жылдың желтоқсанында іске қосу.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz