Қазақстанда HORSCH және CLAAS маркалы ауыл шаруашылығы техникасының жалпы құны 281,4 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды «24KZ».
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Германияның HORSCH Maschinen GmbH компаниясының негізін қалаушы Михаэль Хоршпен кездесті.
Кездесуде тараптар Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді жергіліктендіру, өндіріс орындарын жаңғырту және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелерін талқылады.
Министрдің айтуынша, халықаралық компаниялармен әріптестік тек дайын техника жеткізумен шектелмеуі керек. Негізгі міндет – отандық өндірісті дамыту, озық технологияларды енгізу және жергілікті өндіріс үлесін арттыру.
«Қазақстан үшін әлемдегі жетекші ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші компаниялармен ынтымақтастық дайын өнім жеткізумен ғана шектелмеуі керек. Мұндай әріптестік отандық өндірісті дамытуға, технологиялар трансферін қамтамасыз етуге және жаңа өндірістік құзыреттерді қалыптастыруға негіз болуы тиіс. Біз HORSCH компаниясымен ынтымақтастық аясында өндірісті жергіліктендіру деңгейін одан әрі арттыруға және өнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға мүдделіміз», – деді Айдарбек Сапаров.
Қазақстан мен Германия арасындағы бұл бағыттағы ынтымақтастық 2020 жылы басталған. Сол жылы Петропавл қаласындағы «СТ ЭСЭМБЛИ» серіктестігінің өндіріс алаңында HORSCH маркалы тұқым себу кешендерін шығару жолға қойылды.
2021 жылы HORSCH және CLAAS техникасын өндіруге арналған арнайы инвестициялық келісімшарт жасалды. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 9,5 млрд теңгеден асты.
Өндіріс іске қосылғаннан бері 35,4 млрд теңгеге 295 HORSCH Sprinter тұқым себу кешені шығарылды. Сонымен қатар жалпы құны 246 млрд теңге болатын 864 CLAAS комбайны, 397 трактор және 621 жатка өндірілді.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін кеңейту және жергіліктендіру деңгейін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #АШМPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz