Түркістан облысының Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін «Қазкрахмал» зауыты өндірісін бастады. Жаңа кәсіпорын жылына 150 мың тонна шикізат өңдеуге қауқарлы, деп хабарлайды «24KZ».
Өндіріс орнының іске қосылуы нәтижесінде 500 жаңа жұмыс орны құрылды. Жоба өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға және қосылған құны жоғары тауарлар өндірісін арттыруға бағытталған.
Кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталған. Өндірістің басты ерекшелігі – шикізатты барынша тиімді пайдалану. Зауытта жүгеріні өңдеу тереңдігі 98 пайызға дейін жетеді. Бұл өндіріс барысында қалдық көлемін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Алғашқы кезеңде кәсіпорында модификацияланған крахмал, глютен, сығынды, целлюлоза және басқа да өнімдер шығарылады. Өндіріс толық қуатына көшкен кезде өнім түрлері 28 атауға дейін көбейеді. Олардың қатарында мальтодекстрин, меласса, түрлі сироптар және өнеркәсіптің басқа салаларында сұранысқа ие өнімдер бар.
Жүгері алқаптары кеңейтіледі
Жаңа зауыттың тұрақты жұмыс істеуі үшін шикізат жеткізу мәселесі де назарға алынған. Осы мақсатта Түркістан облысында жүгері егіс алқаптарын кезең-кезеңімен ұлғайту және тамшылатып суару технологиясын енгізу жоспарланып отыр.
Бұл әсіресе су ресурстары шектеулі Шардара өңірі үшін маңызды. Мамандардың айтуынша, жүгері күрішпен салыстырғанда суды аз қажет етеді. Сондықтан дақыл құрылымын әртараптандыру су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Астықты шикізат күйінде емес, дайын өнім ретінде экспорттау маңызды
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанның астық өндірудегі әлеуеті ел ішінде терең өңдеу өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда елімізде дәнді дақылдардың жылдық өнімі 24 миллион тоннадан асып отыр. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеп, экспортқа дайын өнім шығаруға жол ашады.
Біздің міндетіміз – астықты шикізат ретінде экспорттаумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнім өндіруді дамыту. Бұл бағытта елімізде жаңа өндіріс орындары іске қосылып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда жылына жалпы 510 мың тонна астықты терең өңдеуге қауқарлы үш кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл Жамбыл облысында Қытайдың Fufeng Group компаниясының жылына 500 мың тонна жүгері өңдеуге арналған кешенінің бірінші кезеңі іске қосылған.
Бұдан бөлек, тағы төрт ірі инвестициялық жоба пысықталып, жүзеге асырылуда. Оның екеуі Ақмола облысында, біреуі Қостанай облысында және тағы бірі Астанада орналасқан.
Аталған жобалардың барлығы толық іске асқан жағдайда, елімізде астық шикізатын терең өңдеу қуаты жылына 5,8 миллион тоннаға дейін ұлғаяды.
Өңдеу өнеркәсібіне жаңа серпін
Шардарадағы «Қазкрахмал» зауытының іске қосылуы – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайтатын маңызды жобалардың бірі. Кәсіпорын жергілікті шикізатқа сұранысты арттырып, жүгері өсірушілер үшін жаңа өткізу нарығын қалыптастырады. Сонымен қатар 500 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етпек.
Жалпы, астықты терең өңдеу өндірісін кеңейту Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Ендігі міндет – жаңа кәсіпорындарды тұрақты шикізатпен қамтамасыз етіп, өндірілген өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға шығару.
Тегтер #Түркістан облысы #жүгері зауыты #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz