RU
Толық нұсқаға өту
Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстан зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді орнықтылығы бойынша әлемде 8-орынға ие болды

20.11.2026, 11:00 22

Қазақстан зейнетақы жүйесі ұзақ мерзімді орнықтылық көрсеткіші бойынша әлемнің 55 елінің арасында 8-орынға тұрақтады. Еліміз Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық зерттеуінде 74,4 балл жинады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Аталған көрсеткіш зейнетақы жүйесінің қаржыландыру көздерін, жинақ көлемін және демографиялық өзгерістерді ескере отырып, болашақта төлемдерді қамтамасыз ету мүмкіндігін бағалайды.

Жалпы рейтингте Қазақстан 29-орынға тұрақтады. Елдің қорытынды көрсеткіші 64,8 балды құрап, С+ деңгейімен бағаланды.

Зерттеу әртүрлі елдердің зейнетақы жүйелерін салыстыруға, олардың басым тұстары мен жетілдіруді қажет ететін бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді. Сарапшылар 50-ден астам көрсеткішті үш негізгі бағыт бойынша бағалайды. Олар – зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі, жүйенің ұзақ мерзімді орнықтылығы, сондай-ақ оны реттеу мен басқару сапасы.

Қазақстан үздік ондыққа енген орнықтылық көрсеткіші зейнетақы бағдарламаларымен қамтылған жұмыскерлердің үлесін, зейнетақы активтерінің көлемін, халықтың қартаю қарқынын және басқа да факторларды ескереді. Бұл көрсеткіш зейнетақы жүйесінің болашақ міндеттемелерді орындауға қаншалықты дайын екенін айқындайды.

Зерттеудің басқару және реттеу бағыты бойынша Қазақстан 83 балл жинады. Бұл ретте зейнетақы жүйесінің ашықтығы, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және жинақтар туралы ақпараттандыру деңгейі бағаланған.

Сарапшылар Қазақстанның көпдеңгейлі зейнетақы жүйесіне де талдау жасаған. Оның құрамына мемлекеттік зейнетақы төлемдері, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің міндетті жарналары есебінен қалыптастырылатын жинақтар, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары кіреді.

Жүйенің басым тұстары ретінде жұмыскерлерді зейнетақы бағдарламаларымен кеңінен қамту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және ақпараттандыру жұмыстары аталған.

Айта кетейік, алдыңғы зерттеуде Қазақстанның жалпы көрсеткіші 65 балды құраған. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 64,8 балл болды.

Зерттеу нәтижелері Қазақстанның зейнетақы жүйесі ұзақ мерзімді орнықтылық тұрғысынан жоғары көрсеткішке ие екенін көрсетеді. Сонымен қатар зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін одан әрі арттыру қажеттігін айқындайды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz